Буынын еңбек қатырған

Екінші дүниежүзілік соғыстың зұлматы еш ұмытылмақ емес. Ұлы Жеңіске жету жолында майдан даласындағы жауынгерлермен бірге тылдағылардың да ерлігі ерен болғаны сөзсіз. Солардың бірі шаһарымызда тұратын Евдокия Коваленко.
Буынын еңбек қатырған

94 жастағы кейуана «Мен үшін мамыр мерекесінің орны ерекше» дейді. Қарт ана, әсіресе, дәл осы ай өткенді жиі еске түсіретінін айтады. Өйткені соғыс жылдары жас-кәрі демей жаппай әйел мен бала тәулігіне 24 сағат еңбек етті. Нанға мұқтаж бола тұра, диқандар соғысқа вагондап нан жіберсе, зауыттағы жұмысшылар тәуліктеп станоктарда тұрған. Евдокия Сергеевна белі қатпай еңбекке араласып, соқа жегіп, дән сеуіп, картоп түптеген. Әкесі мен екі ағасы соғысқа аттанып, майдан даласында ерлікпен қаза тапқан. Анасымен бірге қаршадай қыз күндіз егін жұмыстарымен айналысса, түнде жауынгерлерге арнап жылы киімдер тоқыған. «Біздің жастық шағымыз, құрбы-құрдастарымызбен бірге колхоздың жұмысын атқарып, соғысқа кеткен әскерлер үшін еңбек етумен өтті» дейді Евдокия әжей. 1945 жылы жеңіс туралы естігенде қуанышында шек болмай өзі туып өскен Тополевка ауылы тұрғындарының әрбірінен сүйінші сұраған екен. Тыл ардагері 1950 жылы Текелі қаласына қоныс аударып, шахтада жұмыс істеген. 40 жыл еңбек өтілі бар. Бүгінде немере, шөбере сүйіп отырған бақытты әжелердің бірі. Ғасырға жуық жасаған ана елдің амандығы мен тыныш-тығын ғана тілейді.

Гауһар МҰСА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.