Отанға қызмет армен өлшенеді

– Әскери мамандық бұлтарыссыз темірдей тәртіпті талап етеді. Осы қасиет бала кезден бойыңызда болды ма, әлде... Балалық шаққа барып қайтсақ.
– Мен 1961 жылы Талдықорған облысы қазіргі Ескелді ауданы Алдабергенов ауылында дүниеге келдім. Ол кезде ауыл Шұбар деп аталатын. Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері. Айта кетейін, әкеміздің соғыстың соңына дейін жүріп өткен жолы, алған медальдары туралы нақты мәліметтерді мұрағат деректері топтастырылған арнайы сайттан тауып алдық. Майданнан оралған әкем түйе бақты. Маған да түйеші боласың дейтін. Бірақ, шекараға жақын маңдағы жайлауда шекарашы-лардың жүріс-тұрысын көріп өскен, соларға ұқсағысы келген менің таңдауым әскери болу еді. 1979 жылы әскерге шақырылдым. Солтүстік флотқа жіберді.
– Ал әскери оқуды қайдан оқыдыңыз, әскери қызмет қалай өрбіді?
– Теңізші болып әскери міндетімді атқарып жүргеніме екі жарым жыл болғанда кеме командиріне офицер болғым келетінін, мені Мәскеудегі шекара училищесіне жіберуін өтіндім. Қай кезде де адамдығың бірінші орында тұрсын деп ақылын айтып отыратын командирім менің теңізшілікке ден қойғанымды қалады. Сөйтіп, Киевтің әскери-теңіз саяси училищесінде оқыдым. Үшінші курсты бітірген жылы ауылға келіп үйленіп, соңғы курста Гуля екеуміз Киевте бірге тұрдық. Ол Талдықорғанда медучилище бітірген, медбике болып жұмыс істеді. 1986 жылы сәуірде Украинада Чернобыль апаты болды ғой, Гуляға елге қайт деп едім, көнбеді. Оқу аяқталды. Диплом алу салтанатына ауылдан үлкен бауырым келіп қатысты. Жолдамамен Владивостокқа келдік. Одан Петропавловск-Камчатскийге жіберді.
Айы-күні жақындап қалған келіншегіммен бірге Тынық мұхитымен үш күн жүрдік. Үшінші күні түнде толғақ басталды. Пароходтағы дәрігер сабырға шақырып, жағаға жеткенде бәрі дайын болатынын айтты. Келсек, жедел жәрдем дайын тұр, Гуляны алды да кетті. Мен жүгімді орналастырып, жұмыс орнымды тауып, саяси басқарма бастығымен танысып жатырмыз. Бір кезде ол үйленген-үйленбегенімді сұрады. Келіншегіммен бірге келгенімді, оны босандыруға алып кеткенін, бірақ қайда екенін білмейтінімді айттым. «Енді неғып отырсың?» деп дүрсе қоя берді. «Мен әскери қызмет етуге келдім» дедім. Ол дереу көлік шақырып, қаладағы перзентханалардан Гуляны іздедік. Әйтеуір, облыстық ауруханадан таптық. Тұңғыш қызым Динара осылай дүние есігін ашты. Әскери қызметімді өз тәртібімен атқарып жаттым.
– Қазақстанға қашан қайттыңыз?
– Еліміз егемендік алғаннан кейін сол қалада теңізші болып жүрген он қазақ офицері ақылдасып, Елбасыға хат жаздық. Хатты Гуля жазды. Біз алған білімімізді, тәжірибемізді туған Отанымызды қорғауға, еліміздің әскеритеңіз күштерін дамытуға жұмсайық дедік. Хатымыз Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы генерал-лейтенант Сағадат Нұрма-ғамбетовке тиіп, комитеттен жауап алдық. Елде Қорғаныс министрлігі құрылғаннан кейін бәрімізді елге шақыртатын болды. Көктемде демалыс алып, қызым мен ұлымды ата-анама әкеліп тастадым. Сол уақытта С.Нұрмағамбетовпен кездесіп, мән-жайды талқыладық. Ол қолыма елге шақырту туралы қағазды ұстатты. 1992 жылы 7 мамырда Қорғаныс министрлігі құрылды. Дәл 1992 жылдың 16 желтоқсанында туған елге оралып, бірден қызметке кірістім. Талдықорғанда әскери байланыс полкі батальон командирінің орынбасары, Боралдайда әскери байланыс бригадасы командирінің орынбасары болдым. Қорғаныс министрлігінің ұлттық университетінде, Қы-тайда жоғарғы академиялық курста, Түркияда халықаралық әскери курста оқыдым.
1993 жылы 2 сәуірде Қазақстанның әскери-теңіз күштерін құру туралы Президент Жарлығы шықты. Ақтау қаласына барып, Каспий теңізінің жағасында әскери-теңіз күштерін ақ парақтан құруға атсалыстық. 1995 жылы Оралда бірінші рет «Батыр» кемесі шығарылып, пайдалануға бе-рілді. Одан кейін Германиядан, Түркиядан кеме алдық. Каспий теңізінің өзімізге қарасты аумағын қорғадық, браконьерлермен күрестік, әскер қатарына алынған жас теңізшілерді баулыдық. 2007 жылы зейнет демалысына шығып, Текеліге көшіп келдік. Мұнда алдымен кәсіптік колледжде, қазір№2 орта мектебінде ұстаздық етіп жүрмін.
– Сіздің жолды кім қуды?
– Менен кейін әулетімізде жеті ұл, бір қыз бар. Бәрі де әскери қызметте. Тіпті, кейбіреулерінің келіншектері, балалары да осы жолда. Өз ұлым Самат Ақтаудағы әскери-теңіз күштерінде борышын атқарып, Қарасай атындағы шекара бекетінде, Текелі шекара бекетінде қызмет етті. Қытайда логистика мамандығы бойынша білім алды. Жиен немерем Тамерлан нағашы әжесі тігіп берген полковниктің киімін киіп алып, атасына ұқсағысы келіп жүр. Жұбайым Гуля да әскери қызметтің дәмін татты. Қай қиырда жүрсем де, маған сенімді серік, қолдаушы болды. Кеудемді толтырған «Мінсіз әскери қызметі үшін» және бірнеше мерейтойлық медаль менің ғана емес, отбасымның да мерейі.
– Жас ұрпақтың патриоттық рухын биіктету үшін қандай қадамдар жасаған дұрыс?
– Мен қазақ балаларының бойында ұшқындап тұрған патриоттық сезім барына қуанамын. Сол ұшқынды лаулата алсақ жақсы. Еліміздегі бар ұлттың баласы қазақ тілінде сөйлеуі міндет. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Баланы кішкене кезінен отбасында, балабақшада алдымен тәртіпке үйрету керек. Мемлекеттік Гимнді орындатып, Ту мен Елтаңбамыздың қадірін түйсіндірген жөн. Ал мектепте алғашқы әскери дайындық сабағына ерекше көңіл бөлу қажет. Ұлдардың жігерін жанып, нағыз Отан қорғаушы тәрбиелеу үшін бұл пәннің мұғалімі әскер қатарында болған, білікті маман болғаны дұрыс. Осы ретте Текеліде Қайрат Рамазан деген мұғалімнің еңбегі басқаларға үлгі дер едім. Біз, Қарулы күш-тер ардагерлері өңірдегі мектептерде, әскери бөлімдерде кездесулер өткізіп, білгенімізді айтудан жалықпаймыз. Ел іргесі тыныш, халқымыз аман болсын деп тілейміз.
– Шынайы әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Торғын ТҰРЛЫБАЕВА
Естен кетпес сәт
Киевте оқып жүргенде Жеңіс күні қарсаңында әйгілі 62 метрлік Отан мүсініне негізделген Ұлы Отан соғысы мұражайында Шұбар ауылында көрші тұрған апамызды көріп қалдым. Ол – Матай Байысовтың жұбайы. Днепрден өту кезінде үлкен ерлік көрсетіп қаза тапқан Кеңес Одағының батыры Матай Байысовтың есімі сол жердегі ескерткіш тақтаға алтын әріппен жазылған. Апамыз жыл сайын батырдың рухына тағзым етеді екен. Ескелді ауданында қазір Матай Байысов атындағы ауыл бар.