Береке басы бірлікте

Мемлекет халқымыздың көпэтносты сипатын артықшылық ретінде бағалап, өзге ұлт өкілдерінің ұлттық болмысын сақтап, ана тілін ұмытпауына жағдай жасап келеді. Еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің бір-бірінің сеніміне құрметпен қарауы, кез келген қиыдықтарды бірлесе еңсеруі, игіліктерге бірге кенелуі, түсіністікпен өмір сүруі – Ата Заңымызда айқындалған жоғары адамгершілік құндылықтардың нақты нәтижесі, халқымыздың бауырмал, кең пейіл, дархан мінезінің шапағаты. Бұл – Ассамблея қызметінің де басты қағидаты.
Осы жайында Мемлкекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз әрқашан «Береке басы – бірлікте» деген қастерлі қағиданы ұстандық. Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз. Бұл, әрине, Елбасының арқасы. Мұны әрдайым есте ұстауымыз қажет» деді.
Сессияда Елбасы Ассамблеяны басқарудың бірқатар өкілеттіктері ел Президентінің құзырында екенін, Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының маңына топтасып, оған тірек болуы керектігін алға тартып, Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесі берілді. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясының Үндеуі қабылданды.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ