Алматы облысында мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына халықтың қанағаттану деңгейі артуда

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2020 жылы 70 мемлекеттік қызметті көрсету сапасына қоғамдық мониторингті ұйымдастырды.
Қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша халықтың мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қанағаттану деңгейі – 75,1% құрады.
Сауалнаманы Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының қолдауымен «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы жүргізді.
Қоғамдық мониторингтің мақсаты қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына, қолжетімділігіне және тәртібіне қанағаттану деңгейін айқындау, сондай-ақ барлық мемлекеттік органдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көрсететін қызметтің сапасы мен қолжетімділігі туралы қызмет алушылардың ұсыныстары негізінде оларды көрсету кезіндегі проблемалық мәселелерді анықтау болып табылады.
Сауалнама елдің барлық өңірлерін, оның ішінде 260-тан астам елді мекендермен өзге елдердің тұрғындарын қоса алғанда 9 мың респондентті қамтыды (жеке және заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, сарапшылар).
Мониторинг барысында қызмет алушылар мемлекеттік органдардың шағымдарға кері байланыстың әлсіздігі, Мемлекеттік қызметтерді ашық қолжетімділікте көрсету тәртібі туралы қажетті ақпаратты іздеудің қиындығы бөлігіндегі жұмысына наразылықтарын білдірді.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жекелеген процестерін автоматтандыру, ақпараттық жүйелерді «электрондық үкімет» порталымен интеграциялау бойынша ұсыныстар келіп түсті.
Азаматтардың шағымдарының көпшілігі 1414 Бірыңғай байланыс орталығының қызметі тудырды (қоңырау шалу мүмкіндігінің жоқтығы, консультациялардың төмен сапасы, ББО қызметкерлерінің біліксіздігі).
2021 жылдың 2 сәуірінде «ZOOM» қосымшасы арқылы онлайн режимде аудан/қала әкімі аппараты басшылары мен ішкі бақылау қызметтерінің қатысуымен Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Кеңесте 2020 жылы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығымен жүргізілген республикалық және «Tabiya-consult» ЖШС-мен жүргізілген аумақтық қоғамдық мониторингтің қорытындылары қаралды.
Қоғамдық мониторинг нәтижелеріне сәйкес соңғы 4 жылда Алматы облысында мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына халықтың қанағаттану деңгейі тұрақты өсу серпінін көрсетуде (2017 жылы – 36,6%, 2018 жылы 56,5%, 2019 жылы – 69,3 %, 2020 – жылы 76,6 %).
2020 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысының жергілікті атқарушы органдары 76,6 % көрсеткішке жетіп отыр, ал республика бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына халықтың қанағаттануының орташа деңгейі 75,1 % құрайды.
Жиын соңында жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар берілді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы Талап Сайлаубайұлы Шаухаров