Жақсылық жалғасын табуда

«Жетісу шапағаты» қоғамдық қорының қаламыздағы өкілдігі тұрғындарға 500-ден астам маска үлестірді.
Жақсылық жалғасын табуда

Игі шараға қала әкімі Бахтияр Өнербаев қатысып, төтенше жағдай кезінде мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатындағы ізгі істерге атсалысып келе жатқан «Жетісу шапағаты» қоғамдық қорының қаламыздағы өкілі Әбубәкір Бақтақынға, белсенді жастарға риза-шылығын жеткізді.

Қала әкімі, сондай-ақ, халық көп баратын азық-түлік дүкендеріне, қалалық пошта байланыс торабы мен халық банкіне барып, көпшілікті төтенше жағдай кезінде барынша сабырлы болуға, ауызбіршілікті сақтап, белгіленген тәртіп-түзімге саналы бойсұнуға, тазалыққа мән беруге шақырды. Қиын кезеңде мүмкіндігінше көпке пайдалы іс істеп, мейірім мен риясыз көмектің үлгісін көрсету бәріміздің азаматтық борышымыз екенін, елдік те, ерлік те осындайда жарқырай түсетінін алға тартты.  

Айта кетерлігі, маскалардың барлығын Ә.Бақтақын өзі тігіп дайындаған. Ол: «Базарда электр жабдықтарын жөндеумен айналысамын, қосымша қордың жұмыстары бар. Қазір базар жабық. Үйдемін. Тігіншіліктен де аздап хабарым бар-тұғын, бос отырмай, маска тіктім. Бір аптада тіккен маскалардың ұзын саны 500-ден асыпты» деп ағынан ақтарылды. Көп үшін пайдалы іс істеймін дейтін адал ниет болса, адам бойындағы ерекшеліктер де ашыла түседі екен. Сапалы материалдан тігілген маскалар, кәдімгі шебердің қолынан шыққандай мінсіз.

Жастар ақ жүректің, ақ ниеттің жаршысындай болған әппақ маскаларды қарттарға, аналарға, азық-түлік дүкендерінің қызметкерлеріне тегін таратып, көптің алғысына бөленді. 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.