Ауыл азаматтарына қолдау

Рудничный ауылының тұрғындарымен және бизнес өкілдерімен барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткен кездесуде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан мемлекеттік қолдаулардың барысы жан-жақты түсіндірілді.
Ауыл азаматтарына қолдау

Кездесуге қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Т.Жұмаділов, ауыл әкімі С.Вишняков, палатаның мемлекеттік бағдарламалар бойынша менежер-кеңесшісі А.Акажанова, сондай-ақ, ауыл тұрғындары, бизнес өкілдері қатысты.

Баршаға белгілі, бүгінде халықтың кәсіпкерлікпен, әсіресе, отбасылық шағын кәсіппен айналысуына мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер жасалуда, сонымен бірге, ауылдың тынысын ашуға да барынша көңіл бөлінуде. Ауылдарды түлету, атап айтқанда, ауыл тұрғындарын қолындағы егін, мал шаруашылығын дамытып, оны өңдеп дайын өнімдерге айналдыру, нарыққа бейімдеу мақсатында түрлі бағдарламалар іске асырылуда.

Кездесуде «Еңбек» бағдарламасының 2-бағыты – «Бастау Бизнес» жобасы, сондай-ақ, қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несиелер және «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасы бойынша кепілдіксіз несиелер, инновациялық гранттар және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» «Игілік» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын дамытуға арналған қолдаулар жан-жақты түсіндірілді.

Айталық, жаңадан кәсіп ашқысы келген адам үшін қажетті бизнес-идеяны таңдау, бизнес-жоспар әзірлеу, салықтарды түсіну, сатуды жолға қою – мұның бәрі оңай шаруа емес. Кәсіпкерлікке баулитын «Бастау Бизнес» жобасы сізге осы бағытта   көмектеседі. Биыл оқу сәуір айында басталады деп күтілуде. Сол секілді, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының «Игілік» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын дамытуға 6 пайызбен 4 млн.теңгеге дейін жеңілдетілген несие алуға болады. Сонымен бірге, отбасылық шағын кәсіп ашуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алу үшін 583600 теңге қайтарымсыз грант беріледі.

Егер ауыл тұрғындары өз кәсібін ашқысы келсе немесе қолындағы шаруасын кеңейтуді қаласа және оған қажетті қаржы қолында болмаса, онда мемлекеттік бағдарламаларға арқа сүйеуіне әбден болады. Ол үшін бағдарламалардың барысын, барлық заңдық негіздерді білуіңіз керек. Оған қалалық кәсіпкерлік палатасы көмек қолын созады. Кез келген уақытта палатаға келіп, ақыл-кеңес алуыңызға болады. Кездесуде осы түйіндер жан-жақты түсіндірілді.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ     

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.