Қоғамның бір тірегі – үкіметтік емес ұйымдар

Қазіргі уақытта Текелі қаласында 22 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде белсенділері – 10, уақытша тоқтатылғандары – 12, қиындық туындататындары – 7.
Үкіметтік емес секторды ары қарай дамыту және олардың мемлекетпен қарым-қатынасын жетілдіру мақсатында Текелі қаласы әкімдігінің жанынан Азаматтық қоғам институттарымен өзара байланыс жөніндегі кеңес құрылған. Кеңес мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың қарым-қатынас жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізіп, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттің әлеуметтік саясатын қалыптастыруға және жүзеге асыруға, азаматтық бастамаларды дамытуға жағдайлар жасайды.
Текелі қаласындағы азаматтық қоғам институттарымен өзара байланыс жөніндегі жұмыстар жандандырылып, қызмет ететін ҮЕҰ белсенділігін жоғарылату үшін жүйелі түрде жоспарлар құрылып, тиісті шаралар қабылданып, әлеуметтік қызметтер сапасына үнемі мониторинг жүргізіледі.
Белсенді үкіметтік емес ұйымдар қаладағы қоғамдық маңызды мәселелерді шешуге, Елбасы Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын және бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды халыққа түсіндіру мен насихаттауда, сондай-ақ қоғамның әлсіз қорғалған топтарымен жұмыс жасауда маңызды рөл атқарады.
Азаматтық қоғамның ортақ үнін үкіметтік емес ұйымдар жеткізіп отырады. Сондықтан, үкіметтік емес ұйымдар – азаматтық қоғаммен билік арасындағы алтын көпір.