От кеудесін оққа тосқан майдангер

15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай, Ауған соғысына барып, жан-тәнімен арпалысып, маңдай тері төгіліп, от кеудесін оққа тосқан батыр ардагердің бірі – Бекбатыров Берік Кәрімұлы.
От кеудесін оққа тосқан майдангер

Бекбатыров Берік Кәрімұлы 1967 жылы Орал облысы, Шыңғырлау ауданы Лубенка кентінде туған. Бір жасында отбасы Алматы облысына қоныс аударады. 1985 жылдың мамыр айында Ташкент облысы Шыршық қаласындағы әуе әскери десанты құрамының 15 бригадасында оқу-жаттығудан өтіп, 5 айдан соң 1985 жылдың қазан айында Ауған жеріне жіберіліп, 334-арнайы құрамның жеке отрядында тұтқынға түсіру тобының командирі болып әскери борышын өтеді. Ауған майдангері: «Біздің отрядтың тапсырмасы Ауған мемлекетіне Пәкістаннан келетін бандылар тобы моджахедтердің қарулы керуендерін құртып, есірткінің көзін жою болды. Мен жарты жыл барлаушы-граната атқыш қызметін атқардым, ал кейіннен мені жеке отрядқа тұтқынға түсіру тобының командирі етіп тағайындады. Отрядтың 105 солдаты мен бірнеше офицерінен айырылдық, 600 адам әртүрлі жарақат алды», – дейді. Жауынгер әскери қызмет етіп, жанқиярлық пен қаһармандығын көрсеткені үшін екі мәрте «Ерлігі үшін» және «Шайқастағы ерлігі үшін» медалін алды. Әскерден оралған соң политехникалық колледжі мен Жетісу мемлекеттік университетін қызыл дипломға бітіреді. Жетісу экономикалық институтында ректордың көмек-шісі, Сарыөзекте «Сахарный центр» АҚ бөлімінің бастығы, «АЛМА ТВ» филиалының директоры болып елімізге әр салада қызмет атқарып келген. Қазіргі таңда «СМЭО» ЖШС директоры. Текелі қаласында 2000 жылдан бастап тұрып келеді. Қаладағы ардагерлердің қоғамдық ұйым ында, қазіргі уақытта 23 ардагер бар. Олардың дұшпан оғынан қаза тапқан майдандас достарын соңғы сапарға шығарып салып, жүректері мұңға, көздері жасқа толған шақтары көп. Сонда да ата-бабамыздың рухына дақ түсірмей елге абыроймен оралғаны біз үшін үлкен қуаныш. Ардагердің айтуынша, өкінішке орай, көп ардагерлер жарақаттан, контузиядан және ауырғаннан қайтыс болды. Алдыңғы жылы Ауғанстан ардагері бұрынғы десантшы Молдабаев Мұхтарды, ал осы жылы Дербенев Юрийді ақтық сапарға шығарып салғанын айтады. Жылдан жылға ардагерлер саны азаюда. Соғыс әлі де майдангерлердің жүрегінде. Ауғанстан соғысы қазақ елі үшін жүректе жазылмайтын, тарихта ерекше орын алатын соғыс. Әр қазақ азаматының қасиетті борышы – Отан үшін жанын пида қылған майдангерлерді мәңгі есте сақтап, құрметтеп қана қоймай, оны жас ұрпаққа отан – сүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау болып табылады.

Ұлбосын Нұрбекқызы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.