Жақсылық – жан шуағы

«Біз біргеміз» республикалық қайырымдылық акциясы аясында осы аптада қалалық «Керімбек би» мешіті, Текелі зекет қоры, «Жақсылықта жарысайық» тобы бірлесіп, көше тазалығын қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлерге ыстық тамақ таратты.
Жақсылық – жан шуағы

Аталған қайырымдылық қор өкілдері «Алатау», «Достық» және «Металлург» шағын аудандарын аралап, аулаларды, көшелер мен жолдарды, саябақтар мен алаңдарды күн сайын түрлі қоқыстардан тазартып, қала тазалығын  қамтамасыз етіп жүрген  қызметкерлерге түскі ас кезінде ыстық тамақ, шай, сусындар таратып, оларға деген құрметі мен ықыласын жеткізді.

Қайырымдылық туралы «Керімбек би» мешітінің бас имамы Аман Медетбеков былай дейді: «Тазалық денсаулығымыз үшін қаншалықты қажет болса, қаламыздың қалыпты тыныс-тіршілігі үшін де соншалықты маңызды. Біз күнделікті жүретін тап-таза жолдар, ертелі-кеш демалып, бой жазатын көңілді саябақтар, балалар асыр салып ойнайтын тап-тинақтай аулалар – таңнан кешке дейін белі бүгіліп, қолына сыпырғы мен күрек ұстаған тазалықшылардың еңбегі. Олар күннің ыстығында да, суығында да, жауын-шашын күндері де өз жұмыс орындарынан табылады. Қаланың көктемде құлпырып, жазда жайнап тұратыны да осынау қарапайым жандардың арқасы. Қыста жүретін жолдарымызды қардан аршып, мұздан арылтатын да осылар. Оларсыз айналамызға тамсана қарай алмас едік. Айта берсек, таусылмайды. Сол себепті, қала тұрғындары оларға құрметпен қарап, шын көңілмен атқарған жұ-мыстарын бағалай білуіміз керек. Оларға жоғарыдан қарамай, керісінше қолдау көрсеткеніміз жөн. Ол үшін тазалықты сақтап, қоқыстарды кез келген жерге тастамасақ, жүрген, демалған жерімізге қалдықтарды қалдырып кетпесек, сол да жетеді. Келешек ұрпақ үшін біздің ақылымыз, сонымен бірге, шынайы болмысымыз, іс-әрекетіміз үлгі-өнеге болады. Демек,  біздің бір-бірімізге деген құрметіміз бен мейірім-ықыласымызды көріп өскен жастарымыз адамгершілік жолдан таймайды, ұрпағымыз ұлағатты болсын десек, соған бастайтын жолды біз өзіміз көрсете алуымыз керек. Ол осындай қарапайым істерден бастау алады». 

Адамгершілік болмай, әділдік болмас. Жақсылық жүрген жерде, таршылық жоқ.

Ұлбосын Нұрбекқызы

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.