Адамдықтың биік өлшемі – ар-абырой

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған Ақпараттық-ағартушылық штабының негізгі мақсаты халық арасында парасаттылық, ізгілік, адалдық пен адамгершілік ұғымдарын насихаттау, құқықтық сауаттылықты арттыру болып табылады.
Адамдықтың биік өлшемі – ар-абырой

Өткен жылғы қыркүйекте бастау алған жоба аясында қоғамға белгілі, беделді азаматтармен сұхбат құрып, зиялы қауым өкілдерімен кездесулер өткізіп, ұрпақ санасына адалдықты сіңіру бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Аталған жоба аясында республикаға танымал құсбегі, атбегі ақсақал, Ұлттық спорт түрлері бойынша Қазақстанның Құрметті төрешісі, еңбек ардагері, «Шарапат-Сауап» корпоративтік қорының төрағасы Файзулла Бүркітбай ағамызбен қала жастарының сыр-сұхбаты ұйымдастырылды. Онда жастар адамгершілік, ізгілік, парасаттылық туралы, ар-ождан тазалығы, абырой-бедел жайындағы ағаның өзіндік пайымын тыңдады.

Сондай-ақ, қала әкімі аппаратының заң, мемлекеттік құқық жұмысы бөлімінің бас маманы Ғалия Батырғалиқызы Жаңбырбаевамен «Адал ұрпақ – болашағымыз» тақырыбында тікелей эфирде сұхбат өтті. Эфир барысында «Жетісу адалдық алаңы» жобасы аясында құрылған «Адал ұрпақ» еріктілер клубының жетістіктері сараланып, қол жеткен табыстары талқыланды. Әсіресе, жастардың сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы тартымды туындылары әлеуметтік желілер арқылы көпке таралып, өз бағасын алып келеді. Оның үстіне жыл сайынғы облыстық слетта қала мектептері жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ғалия Батырғалиқызы жас ұрпақ санасындағы ізгі қасиеттерді қалыптастырудағы ұстаздар қауымының, ата-ананың рөліне тоқталып, қоғам дамуындағы жаңа үрдістің берері мол екендігін айтты.

Адам бойындағы адалдық, әділдік, парасаттылық ізгілікті ісіңнен, айнала ортаңмен арақатынасыңнан аңғарылады. Сөзі жақсының – ісі ілкімді. Қоғамдағы келеңсіздіктің тамырына балта шауып, жойылуына жәрдемдесу бәріміздің – ортақ парызымыз.

Ұлжан Ұлдаханқызы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.