Даму өзегі – отандық өндіріс

1991 жылы еліміз өз алдына егемендік алып, бүгінгі өркениетті дамудың жолына, атап айтқанда, нарық заңдылықтарына біржола бетбұрыс жасады. Яғни, Тәуелсіз Қазақ Елі Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстан тәуелсіздігінің формуласы – бұл тең мәнді екі ұғымның Азаттық пен Жауаптылықтың қосындысы. Жауаптылықтың арқасында ғана біз дамудың дұрыс стратегиялық жолын таңдай алдық, мемлекет құрып, бейбітшілік пен келісімді сақтап қалдық» деп атап көрсеткеніндей, теңдессіз ақыл-парасатпен, нартәуекелмен тарихи таңдау жасап, мыңжылдықтар тоғысындағы ұлы мақсат жолына қадам басты.
Даму өзегі – отандық өндіріс

Еліміз биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі кезеңіне аяқ басу алдында тұр. Әрине, бұл аз да, көп те уақыт емес. Ең бастысы, осы жылдар ішінде жас мемлекетіміздің таңдаған дұрыс беталысы және Елбасының көрегенділікпен асықпай-аптықпай жүйелі, мақсатты жасаған саяси, экономикалық, әлеуметтік маңызды жоспарларының, соған лайықталған кешенді мемлекеттік бағдарламалардың, ақыл-ой мен құлшыныстың арқасында халқымыз ұшан-теңіз игіліктерге кенелді. Мұны бағалай білуге тиіспіз.

Елдік дамудың үдерісімен бірге шағын қаламыз да түлеп-түрленді. Айта кетерлігі, тоқсаныншы жылдардағы қайта құру кезеңінде қалақұраушы кәсіпорын – қорғасынмырыш өндірісі тоқтап, бағытын өзгерткен тұста Елбасы қаламызға келіп, жағдаймен жан-жақты танысты және бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Яғни, қаланың жүрегі іспетті комбинаттың, жылу энергия кешенінің қалыпты жұмысын сақтай отырып, сан салалы шаруашылықты дамытудың алғашқы жоспарлары жасалды. Қаламыздың жаңаша дамуы дәл осы кезден басталды.

Бұрынғы кеңестік жүйенің жоспарлы шаруашылығын нарыққа бейімдеу де оңай болған жоқ. Ең алдымен адамдардың санасын өзгертуге маңыз берілді. Тоқсаныншы жылдардың басында қаламызда құрылған чехиялық заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған ашытқы зауытының нарық заңдарына негізделген басқару жүйесі, өндіріс тәртібі, өндіру мен сату механизмдері қалыптасты.

Қаламызда ашылған шойын зауыты – тәуелсіз еліміздегі алғашқы металлургиялық өндіріс. Домна пешінің қосылуында Елбасы еліміздің тау-кен өндірісі және қара металл қорыту бағытындағы мол тәжірибелерді пайдаланып, отандық металлургияны дамытудың ел игілігін еселеудегі рөліне басымдық берді.       

Сонау елуінші жылдарда іргесі қаланған «Текелі сүт зауыты» да тәуелсіздік жылдарынан соң жаңаша дамуға бет түзеді. Мемлекеттің жан-жақты қолдауымен зауыт бүгінде қаламыздағы негізгі кәсіпорындардың біріне айналды. Өнімдері зор сұранысқа ие. Қалаға кіреберісте 5 гектардан астам жерді алып жатқан жылыжайдың іргесі де 2003 жылы қаланды. Заманауи талаптарға сай жүргізіліп жатқан материалдық-техникалық жаңғыртулар  жылыжайдың жаңаша тынысын ашатыны сөзсіз. 2010 жылы құрылып, бүгінде «Алақай» сауда белгісімен баршаға танымал тәтті тоқаштардың түр-түрін өндіретін кондитерлік фабрика да даму, кемелдену үстінде.

Өңірлік ерекшеліктерді халықтың игілігіне айналдыру мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалар гранит тас, мәрмәр ұнтағы өндірісіне де жаңа серпін берді. Қазір қаламыздағы «Алатау Мрамор», «Мрамор Тас», «Текелі Гранит» сынды кәсіпорындар осы салада табысты еңбек етуде. Олар отандық құрылыс материалдары өндірісін дамытуға өзіндік үлестерін қосып келеді.

Мемлекеттің шағын және орта кәсіпорындарды дамыту бағдарламалары қаламыздағы кәсіп-керліктің кең өріс алуына тың серпін беріп, қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін, ет, сүтті ары қарай өңдеп, дайын өнімге айналдыруға баса назар аударылуда.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ                    

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.