Отаным – мақтанышым!

Еліміздің тәуелсіздігімен бірге өмірге келген, бүгінде Кәсіптік колледждің ұстазы А.Падалкина Қазақстан Республикасы Президенті, Елбасының Алғыс хаты, «World Skills Kazakhstan -2019»-V республикалық чемпионатының арнайы сертификаты, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ұйымдастырған «ТҮRIZM ALE-MINDE JASTAR» форумының ІІ дәрежелі дипломы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты, облыстық ашық сабақтар фестивалінің І орын жүлдегері секілді марапаттардың иегері.
«Мен 1991 жылы кең-байтақ еліміздің ең әдемі жерлерінің бірі Жетісу топырағында дүниеге келдім және осы өлкеден нәр алып өстім. Отанымды, туған жерімді мақтан етемін. Көршілеріміз, бірге ойнайтын достарым қазақ болғандықтан, бала кезімнен-ақ қазақ тілінде сөйлеп үйрендім. Достарыма деген алғысым шексіз, өйткені олар маған қазақ тілі мен қазақ халқының дәстүрлерін үйренуге көмектесті.
Мектеп қабырғасынан бас-тап мен қазақ тіліндегі қалалық, облыстық олимпиадаларға қатыстым. Осы белсенділігім университет қабырғасында тіпті де арта түсті, осы орайда, мемлекеттік тілді меңгерудегі тәжірибе мен тілдік қорымды дамыту, басқалаларға да үлгі етуге күш салдым.
Бірде, облыстық этномәдени болгар орталығының төрайымы, әпкем мені Қазақстан халықта-рының қоғамдық өміріне қатысуға шақырды. Сол жерде мен Ассамблея жұмысының бір бағыты этностар арасында мемлекеттік тілді дамыту екенін және оның маңызы мен мәнін түсіндім. Сол жерде мен мемлекеттік тілді үй-ренудің жаңа әдістемелерімен таныстым әрі түрлі практикалық сабақтар мен конференцияларға қатыстым. Онда этностар арасында мемлекеттік тілде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ, этностар арасында қазақ тілінде өткізілетін түрлі іс-шараларды ұтымды ұйымдастыруды үйрендім.
Туыстарым мен жақындарымның, достарым мен қызметтес-терімнің қолдауы мен құрметіне лайық болсам деймін. Мемлекеттік тілді еркін меңгере отырып, елімнің қажеті үшін көптеген игі істерді істей алатынымды ойлағанда бойымды күш-қуат кернеп, сенімім еселене түседі. Мен Отан алдындағы перзенттік жауапкершілікті сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеуге тырысамын. Мен ұстазбын. Демек, менің өмірлік дағдыларым, болмысым, сөзім мен ісім, бәрі-бәрі – студенттер үшін үлгі-өнеге болуға тиіс.
Менің өмірлік ұстанымым – жаңалыққа құштарлық арқылы үздіксіз жетілу және білімім мен тәжірибемді жас ұрпаққа беру, оларды кәсіби, отаншыл етіп тәрбиелеу. Себебі, менің шәкірттерімнің де болашағы туған елімізбен, өскен жерімізбен біте қайнасып жатыр» – дейді Анна.