Тәуелсіз ел – Мәңгілік Ел

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қалалық кітапхананың балалармен жұмыс істейтін №1 филиалында «Тәуелсіз ел – Мәңгілік ел» атты тәрбие сағаты өтті.
Тәуелсіз ел – Мәңгілік Ел

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мәңгілік Ел» ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идеясы бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел» деген оралымды ойын алға шығарған  кітапханашылар Г.Акшолақова мен Ж.Биболова кемел келешекке байсалды қадамдар жасау үстіндегі тәуелсіз Қазақстанның көздеген заманауи мақсат-мұраты артта қалған ғасырлар құндылығымен сабақтасып, жалғасып жатқаны, біз Еуразия түркілерінің қара шаңырағын ұстап қалған мұрагері болып табылатынымыз ресми дәйектелгені туралы айтып, оқушыларға тұщымды ақпараттар берді. Әсіресе, Тәуелсіздік жылдарында қолымыз жеткен игі жетістіктер, бүгінгі бейбіт өміріміз, мемлекетіміздің өскелең ұрпақтың кемел келешегі үшін жасалып жатқан мол мүмкіндіктері жайында сөз қозғады. Өткен тарихымыз да, тәуелсіздік шежіресі де тайға таңба басқандай хатталып, том-том кітаптарға айналғанын, сондықтан жас ұрпақтың кітапты дос етуі, білім мен тәрбиені кітаптан алу керектігін еске салды. 

Шара барысында оқушылар ақындарымыздың шығармашылығына арқау болған елдік пен ерлік, отаншылдық рух, ұлттық ұстаным туралы  өлеңдерді оқып, өз ойларымен бөлісті.

Демек, құр мақтанды, даңғойлықты көтермейтін, бақуатты тірлікке тек біліммен, өнермен, ақылмен ұмтылатын, Отанын, елін сүйетін өскелең ұрпақ Мәңгілік Елдің көсегесін көгертеді. 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.