Ерлік те, әдеп те қазақ қызына тән

– Бала күнімнен спортты жақсы көрдім. Каратэмен 7 жасымнан айналысамын. Бүгінде осы спорттың қыр-сырын жетік меңгердім десем артық айтпаспын. Жаттығу кезінде, сайыс үстінде қазақ қыздарының қайтпас қайсарлығын, ерік, жігерін, ал өмірде ибалы, әдепті, өнерлі, білімді болмысын бойыма сіңіруге барымды салып жүрмін. Бүгінде каратэ – әлем жастарын баураған танымал спорт. Құрлықтық, әлемдік додаларда топ жару – зор мақтаныш!
Мен 2018 жылы Елордада өткен жасөспірімдердің «Әлем чемпионатында», 2019 жылы Тараз қаласында өткен «Азия чемпионатында», сол жылы Болгарияда өткен «Әлем кубогында» 50 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атандым. Әр сайыста спорттағы қарым-қабілетіммен қарсыласымнан басым түсіп, көк Туымызды көкке өрлетсем, елімнің абыройын асқақтатсам деген биік мақсат мені қанаттандырып, бойымды бір керемет күш билеп алады. Сол киелі күш мені жеңістерге жетелеп келеді. Әсіресе, жеңіс тұғырына көтеріліп, мемлекетіміздің көк Туы көкке өрлегенде, Қазақ Елінің Әнұраны орындалған кездегі сезімді тілмен жеткізе алмаспын. Тәуелсіз елдің ұрпағы болғанымды шексіз мақтаныш тұтамын.