Ел болашағы жастардың қолында

Біз өткен төл тарихымызды әлі де саралап, шын-шылдықпен зерттеуіміз, ұлттық болмысымызға, адамдық құқықтарымызға, мәдениетіміз бен әдебитімізге мән беруіміз керек. Тәуелсіз елдің тарихын ХХІ ғасырдың тәуелсіз жастары еселі еңбегімен, мол білімімен, ақыл-парасатымен жазады. Жастар – белсенді, жігерлі, өміршең. Олардың білімі, қарым-қабілеті жеткілікті. Демек, ел де, тарих та, келешек те жас буынның қолында. Шындық осы. Бұдан ешкім де аттап кете алмақ емес. Тәуелсіз елімізде, көк Туымыздың астында өскен бүгінгі жастар – халқының алтын ұрпағы. Мәселе, осы ұрпақтардың арбасына біз аға ұрпақ нені саламыз? Бар жауапкершілік осында.
Қазір тарих сахнасына отыз, отыз бес жас шамасындағы азаматтар шығып келеді. Сөздері, таным-түсініктері, бітім-болмысы бәрі-бәрі – жаңаша. Қарап көз тояда, көңіл қуанады. Халқымыз айтады: «Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас» деп. Ел ағалары деген сакралды ұғым халқымыз үшін киелі. Демек, ел ағалары жасының үлкендігімен ғана емес, ақыл-парасатымен де ағалық рөлін атқаруға тиіс.
Бәріміз «Жаужүрек мың бала» деген фильмді әлденеше рет қайталап көрдік. Сырт дұшпанға бір кісідей қарсы тұрғанда, ел ағалары қозғаушы, жетекші рөл атқарады. Халқымыздың өзара бауырмалдыққа құрылған ұлттық құрылымы ел боп топтасудың таптырмайтын тәсілі екен. Ата-бабаларымыздың өр рухы, ұлы өркениеті, ұлан-ғайыр кең жеріміз, міне, осының бәрі ұлттық идеологияның кең болса кем болмайтын элементтері.
Сонда ел ағасы деген кім? Алдымен ойға келетін нәрсе, ол ел ішінде ағайын-туыс, ортасында сыйлы болуы керек. Елге сыйлы болу – аса қиын шаруа. Хәкім Абай отыз тоғызыншы қара сөзінде:
«... Ол екі мінезі қайсы десең – әуелі, ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау жанжалды болса, билік соларда болады деген. Ол ел басы мен топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден-бірге жүргізбек болмайды екен» дейді.
Ел ағалары халық сөзін сөйлеген. Қилы заманда жұрт ел ағаларын тыңдаған.
Біз не істеуіміз керек? «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» дегені – тонның жағасы болмаса тоңамыз, елдің ағасы болмаса азамыз дегені. Ел ағаларының мүддесі елдік мүддеге тоғысқанда, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, елге адал еңбек еткенде, өкшемізді басып келе жатқан жаңа буын бізді сыйлайды, тыңдайды. Оларды ешкім де алдай алмайды.
Тартымды ой, талғамы жоқ жаннан ел ағасы да, ақсақал да шықпайды. Осы тұста Бауыржан Момышұлы сонау, қылышынан қан тамған кеңес жылдарында қасқая қарсы тұрып, өзінің кім екенін дұрыстап жазғызды. Бұл – былай қарағанда, қарапайым ғана нәрседей көрінгенімен, ұлттық мүдде тұрғысынан маңызды мәнге ие. Бәрі басынан басталады. Яғни, әрбір адамнан құралады. Ендеше, әрбір адамның дұрыс таңдауы, нық қадамы, ұлтына адалдығы, болмысы, бәрі-бәрі ұлттың өміршеңдігіне, тұтастығына, бірлігіне ықпал етеді.
Әбу Насыр Әл-Фарабиден Хәкім Абайға дейін тоғыз ғасыр. Ол уақытта әлемде не болмады, империялар құлады, халықтар жойылды, қырғын алапаттар орын алды, бірақ, Әл-Фараби ойлары шашырап қалмай, Хәкім Абайға жетті. Түркі халқы өзінің құндылықтарына ие болды. Бүгінде осы мол мұраның мұрагерлері біз – қазақ елі болып, екі ғұламаның басын қосып мерекелеудеміз. Бұл теңдесі жоқ тарихи оқиға, осы сана сөзсіз ел ішінен ел ағаларын өсіреді. Олар билік пен халықтың арасындағы алтын көпір болмақ.
Е.Дүйсебаев, Текелі қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы