Таңдайдағы тәтті ұғым

Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Әр ұлт, әр халық үшін тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ.
Таңдайдағы тәтті ұғым

Тарихқа көз жүгіртсек, Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн. Осы азаттық туын желбірету жолында қаншама жол өткеріліп, қиындықтар артта қалды. Тамырын тереңге жайған тарихымызға көз жіберсек, еліміздің ел болып қалыптасуына мыңдаған жылдар кеткеніне көз жеткіземіз. Батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі түрлі мемлекеттермен астасып жатқан ұлан-ғайыр даланы жат жұртқа бермеу үшін қайтпас қайсар батырларымыз жан аямай күресті. Елін, жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рух жеңіске алып келді.

Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді.Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра, көптеген елдерден әлдеқайда алда. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен даму – қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттардың бірі.

Қазіргі бейбіт мемлекетте уайым-қайғысыз өмір сүріп жатқанымыз да осы тәуелсіздік арқасы екеніне тағы көз жеткіземін. Өткеннің асылдарының ыстық ықыластары дамыған Еуропаның, АҚШ-тың жоғарғы оқу орындарында білім алып, сонда алған білімімізді туған жерімізде қолдануды біздің алдымыздағы негізгі мақсат етіп қояды. Біз секілді өскелең ұрпақ үшін тәуелсіздіктің маңызы ұшан-теңіз екендігіне сенімім мол. Мен осындай елде туып-өскенімді мақтан тұтамын. Басқалардың қолы жете бермейтін тәуелсіздіктің бізге келгені-үлкен бақыт. Бүгіндері Қазақстан Республикасы тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Ата-бабамыздан қанмен берілген өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейтіні анық.

Біз – бақытты ұрпақпыз... Себебі, ата-бабамыз көрген шапқыншылықты, табаны тілім-тілім болған босқын-шылықты, бір түйір дәнге зәру болған аштықты, талай боздақтың жанын, жақынын алған сұм соғысты мына біздер, жас ұрпақ көргеніміз жоқ. Бейбіт өмірмен қатар, аталарым армандаған, өз қолы жетпесе де келер ұрпағы үшін күрескен, қазып қалсаң асты қазынаға толы кең байтақ жерді, бай тілді, тәрбиеге тұнып тұрған салт-дәстүрді, ең бастысы тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып жатқан жарқын ұрпақпыз.

 Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барша үлес қосып келеді. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мен сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақытты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылу-шылықты бойларыңызға сіңірдіңдер», – деген сөзді мемлекет пен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін ай-қындайды. «Болашақ жастардың қолында» деп Елбасымыз айтқандай тәуелсіздікті сақтап қалып, болашаққа нақты қадам жасау біздің қолымызда.

Сұлтан АЙДАРҰЛЫ, Текелі қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.