Құрметті текеліліктер, қадірлі жерлестер!

Қала басшысы ретінде қоғамдық саяси-тұрақтылықтың сақталуына, қаладағы 33 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігіне жауаптымын. Жалпы әлемдегі, туған еліміздегі ахуалды өздеріңіз көріп отырсыздар. Күн өткен сайын індет өршіп, ауруға шалдыққандардың саны артуда. Ал, сіздердің аман-сау болғандарыңыз – бәріміз үшін зор абырой.
Құрметті текеліліктер, қадірлі жерлестер!

Қала аумағында жағдай қалыпты. Алаңдауға негіз жоқ.  

Мемлекет басшысы елде Төтенше жағдай жариялады. Облыс аумағында да бүгіннен бастап күшейтілген тәртіп енгізілді. Текелі қаласының кіреберіс қақпаларында санитарлық пост ұйымдастырылды.

Бұл - бәріміздің қауіпсіздігіміз бен сақтық шаралары үшін маңызды. Төтенше жағдайдағы шектеулер, оқшаулану, өз өмірімізді, денсаулығымызды сақтау  үшін қажет. Сонымен қатар басқалардың да қауіпсіздігі болып саналады. 

Әрбір қала тұрғыны азаматтық жауапкершілікті терең түсініп, барлық ережелерге қатаң бағынуы керек. Туған-туыспен, бөгде адамдармен уақытша қарым-қатынасты тоқтатқанымыз жөн. Той-жиындар, отбасылық басқосуларды шектеу керек. Ұлтымыздың ержүрек батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай «Тәртіпке бағынған ел құл болмас»! Темірдей тәртіп бәрін жеңуге ықпал етеді.

Әрбір адамның жеке оқшаулануы, әсіресе, қарттар, егде жастағы азаматтардың үйден шықпауын сұраймын. Көпқабатты үйлердегі пәтерлерден, жеке үйлердегі аулалардан шықпауларыңызды өтінемін. Бала-шаға үлкендердің қарауынсыз далаға шықпасын. Көшеде бейсауат жүрмегеніміз жөн. Мейлінше адам көп жиналатын орындарға бармау қажет.

Күнделікті қажет заттарды, азық-түлік, дәрі-дәрмек алу үшін жақын орналасқан дүкенге, дәріханаға баруды сұраймын. Қажеттілік туындаған жағдайда қалалық штабқа хабарласу немесе үйден тапсырыс беру ұсынылады. Төтенше жағдайдағы шектеулік тәртіпті бұзғандар заң жүзінде жауапқа тартылады. Әкімшілік жаза қолданылып, айыппұл салынатындығын ескертемін.

Қала аумағында азық-түлік, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Алаңдаудың қажеті жоқ. Қалада дезинфекциялық залалсыздандыру жұмыстары қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде, аялдамаларда жоспарлы түрде жүргізілуде.       Әрбір азаматтан жеке бас гигиенасын қатаң сақтап, дене қызуы көтерілген жағдайда бірден жедел жәрдем көмегіне жүгінуді сұраймын.

Ардақты ағайын!

Қазақ халқы талай қиындықты, нәубетті бекем бірлігімен, сабырлылығымен, ұйымшылдығымен жеңген. Сындарлы сәтте бәріміз бірге болайық. Елдігімізді, өрлігімізді ұмытпайық! Жанашырлық танытып, мейірімділікпен, қайырымдылықпен жасы үлкендерге, бір-бірімізге көмек көрсетейік, қолдайық!

Бұл күнде өтер. Ең бастысы, үміт пен сенім нық болсын. Ел іргесі бүтін, ағайын аман, деніміз сау болсын!

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.