Нотариат мамандары марапатталды

14 шілде Қазақстан Республикасының Нотариат күні. Осы орайда Талдықорғандағы Салтанат сарайында Жетісу облысы нотариустарының салтанатты жиыны өтті. Оған облыс әкімдігі, қала әкімдігі, Әділет департаменті мен қалалық мәслихаттың басшылары, облыстық нотариаттық палатасы өкілдері қатысты. Шара аясында елеулі еңбек еткен қызметкерлер марапатталды.
Нотариат мамандары марапатталды

Мерекелік басқосуда әуелгі сөзді облыстың Нотариаттық палатасының төрағасы Арман Бекішбаев алды. Сала мамандарын салтантты күнмен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

– Бұл күн жай ғана кәсіби мереке емес, жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғап жүргендердің еңбегіне арналған ерекше күн. Нотариат – мәмілелерді куәландырумен, мұрагерлік құқықтарды тіркеумен, әртүрлі анықтамалар берумен және басқа да нотариаттық әрекеттермен айналысатын, азаматтық айналымда маңызды рөл атқаратын, құқықтық сенімділікті қамтамасыз ететін және құқықтарды қорғауды қамтамасыз ететін органдар мен лауазымды тұлғалар жүйесі! Сіздерге зор денсаулық, табыс, өркендеу және барлық жақсылықты тілеймін, – деді ол.

Мұндағы негізгі мақсат – мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтау, сала өкілдері арасындағы достық байланысты нығайту, серіктестікті дамытып, халыққа нотариат мамандығының маңыздылығын түсіндіру екенін айта кеткен жөн.

Шара аясында Асхат Керімбаев ҚР Әділет министірлігінің «Әділет органдарының үздігі» төс белгісімен, Алия Багжаева мен Динара Байдуақасова ҚР Әділет министірлігінің Құрмет грамотасымен, Фарида Қасымжанова мен Эльмира Абирова ҚР Әділет министірлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар Мадина Айтбаева мен Шолпан Мурзекеноваға республикалық нотариаттық палатасының «Нотариат саласына қосқан үлесі үшін» төс белгісі табысталды. Қанатбек Абішевке, Оксана Войтюкке, Анар Серғазиноваға, Гаухар Сеитоваға республикалық нотариаттық палатасының «Нотариат саласындағы адал еңбегі үшін» медалі берілді. Басқада сала мамандары облыс қала әкімдігінің Алғыс хат, Құрмет грамотасымен марапаталды.

– Кезінде ҚазМУ-дың заң факультетін бітіргенмін, жұмысым өзіме қатты ұнайды. Бізге клиентпен байланыс орнату және оның барлық құқықтарын сауатты түсіндіру маңызды.  Мен жаңадан бастаған әріптестеріді өте қырағы болуға шақырамын. Себебі, іс-құжаттары соны талап етеді. Мекемемізге әртүрлі адамдар хабарласатындықтан, сыпайылық пен шыдамдылық таныту керек. Кейде барлық құжаттар мен дәлелдемелерді жинау оңайға соқпайды. Біздің міндеттеріміздің бірі – азаматтардың меншік құқығын қорғау, оларға жан-жақты құқықтық қолдау көрсету. Айтулы мерекемен барлық әріптестерімді құттықтаймын, – дейді заңгер Шолпан Мұрзекенова.

Айта кетейік, Жетісу өңірінің нотариаттық палатасына 105 нотариус өкілдік етеді. Бұл белгілі бір жұмыс тәжірибесі бар, тағылымдамадан өткен және тиісті лицензиясы бар жоғары білікті сертификатталған заңгерлер.

Медет ЖҰМАБАЙ

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.