Бас прокурор Берік Асылов Жетісу жұртшылығымен кездесті

Бас прокурор Берік Асылов Жетісу жұртшылығымен кездесті

Бүгін ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Талдықорғандағы Салтанат сарайында өңір тұрғындарымен және құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, белсенді жастар да қатысты. Жиынды Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жүргізді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен сөз алған Бас прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының мән-маңызына тоқталып, оны іске асыру тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның жұмысы болуы тиіс екенін атап айтты.

- Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Олар «Заң мен Тәртіп» қағидатына негізделген. Құқық қорғау органдары халыққа қызмет етуге бағытталған сервистік модельге көшті. Қылмыстық саясат өзгерді, тек жазалау емес, профилактикалық принцип күшейді. Мұндай бастамалар қоғам  дамуына жаңа серпін берді. Мемлекет тарапынан әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуына орасан қаражат бөлуде. Оның тиімді жұмсалуы прокуратураның басты назарында. Сондықтан күш-жігеріміз мемлекетке келтірілген залалды қайтаруға жұмсалуда. Әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ететін шаралар өз жалғасын табатын болады, - деді Б. Асылов.

Жиында алдыңғы аға буынның атынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт ардагерлер қауымы құқықтық тәртіпті нығайтуда, жас ұрпаққа тәрбие беруде, қоғамдық тыныштықты сақтауда өздерінің өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, үлес қосатындығын айтты.

Сол сияқты «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс компаниясы» ЖШС-нің директоры Кенжетай Мангулов мемлекет тарапынан инвесторларға көрсетіліп отырған қолдау шаралары, серіктестіктің іске асырып жатқан ауқымды жобасы жайлы қысқаша баяндап берді. Өз кезегінде «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанат Төлемісова үкіметтік емес ұйым ретінде әлеуметтік мәселелерді шешуде және азаматтық бастамаларды жандандырудағы тәжірибесімен бөлісті.

Ал «Жетісу жастары» КММ директоры Шамиль Ванкеев қоғамдағы заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілетудегі жастардың үлесіне тоқталды:

- «Жетісу жастары» мекемесі облыстық прокуратурамен бірлесіп ауқымды жобаларды жүзеге асырып отыр. Ол ең алдымен NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізуге қатысты. Бұл ретте облыстық прокуратураның бастамасымен біз «Карьера» орталығын аштық. Орталық жастарды жұмыспен қамтуға ықпал етіп, оларға бағыт-бағдар беріп, қажет болса олардың өз кәсібін ашуға да мүмкіндік береді. Бұған қоса «Qosyl Fest» жобасын бастап отырмыз. Бұл сырттай қарағанда концерт форматында ғана көрінуі мүмкін, бірақ бұл фестивальде жастар мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттар алады, жергілікті әкіммен, прокурормен, басқа да лауазымды адамдармен кездесіп, еркін әңгімелеседі, өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік алады, дәріс тыңдап, круиз ойындар ойнайды. Осы «Qosyl Fest» жобасын Жетісу облысында ғана емес, бүкіл республика көлемінде кеңейту туралы ұсынысымды айтқым келеді. Бұл жастардың қызығушылығын арттыратыны сөзсіз, - деді  Шамиль Ванкеев. Атап өтсек, облыстағы мұндай фестиваль алғаш рет Қаратал ауданы Үштөбе қаласында өткізілді.

Жиын соңында өңір басшысы Бейбіт Исабаев облыс әкімдігі құқық қорғау органдарымен, оның ішінде прокуратурамен бірлесіп өңірлік бағдарламаларды іске асырып келе жатқанын айтты. Соның ішінде облыста қолға алынған менторлық жобаның маңызы елеулі. Мәселен, қазіргі таңда облыс бойынша 126 ментор жұмыс істейді, нәтижесінде мектеп оқушылар арасында құқық бұзушылық, әсіресе Талдықорған қаласы мен Панфилов ауданында 4 есеге төмендеген. Оған қоса облыс жолдарында қылмыс деңгейінің төмендеуіне ықпал ететін бейнекамералар орнату, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмыспен қамту үшін жыл сайын жұмыс орындарына квота белгілеу, өңірдің шалғай елді мекендерінде азаматтардың құқықтық санасы мен мәдениетінің деңгейін арттыру үшін құқықтық кабинеттері ашу бағытындағы шаралар да тілге тиек етілді.

- Біз әрбір азамат үшін қауіпсіз және әділ қоғам құрудағы бастамаларды барлық деңгейде енгізу бағытында белсенді жұмыс істейтін боламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы алғаш рет өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында заң мен тәртіп аясында нақты тапсырмалар берді. Сол тапсырмаларды біз өз тарапымыздан орындауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, - деді Б. Исабаев жиын қорытындысында.

Еске салсақ, бүгін Текелі қаласының Рудничный ауылында елге қайтарылған заңсыз активтер есебінен жаңа мектептің іргесі қаланып, уақыт капсуласы салынған болатын.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай, Жұмабай Мұсабеков

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.