Елордада қызмет ету – арманым

Бақытжан Бақытжолұлы Нұртаза Текелі қаласында туып-өсіп, №5 орта мектебінде білім алды. Оқушы кезінде спортпен тыңғылықты шұғылданып, қоян-қолтық жекпе-жектен спорт шеберлігіне кандидат атанды. 9-сыныптан кейін әскери қызмет саласын таңдаған ол Астанадағы әскери колледжге оқуға түсті. Темірдей тәртіп-ті талап ететін саланы өз қалауымен таңдағандықтан, оқудың да, әскери жаттығулардың да бар қиындығына төзімділік танытып, алдына биік мақсат қойды. Сөйтіп, әскери оқу орнын қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету мамандығы бойынша тәмамдады. Әскери білімін жетілдіріп, елге қызмет етуді көздеген Бақытжан конкурстан өтіп, Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына жолдама алды.
«Астана – арманыма қанат бітірген қала. Бас қаламыз көз алдымызда жыл-дан-жылға көркейіп, дамып келеді. Озық үлгідегі сәулеті, ғажайып келбеті көз тартады. Еліміздің бас қаласы осындай асқақ, абыройлы, ажарлы болғанын мақтан тұтамын. Елордада жастар көп. Бірі білім алып, өзін-өзі дамытып жүрсе, енді бірі еңбек жолының алғашқы қадамын бастап жатыр. Жас та жасампаз қала жанымызға шуақ сыйлайды, жарқын болашаққа жетелейді. Мен мұнда жаныма жақын достар таптым. С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде бірге оқыған кадет достарымнан сабырлық, төзімділік, ой ұшқырлығы сияқты жақсы қасиеттерді қабылдадым. Қазақстан Республикасына қалтқысыз қызмет ету менің қасиетті па-рызым деп білемін. Болашақта Елордада әскери қызмет етіп, еліме пайдамды тигізсем деймін. Астана күні қарсаңында диплом алып, мақсатыма жақындай түскенімді жақсылыққа балаймын», – деді Б.Нұртаза.
Жылдан-жылға өркендеп, қанатын кең жайып келе жатқан Астананың тұрғыны болуға талпынатын жас көп. Бас қаламыз да оларды жатырқамай бауырына тар-тып, жолға салуда. Бақытжан сияқты батыл шешімді, білімді, елжанды, еңбекшіл жастардың жылы ұясына айналған Астананың тұғыры берік болатыны кәміл.