Талдықорғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инфрақұрылымның қолжетімділігіне бақылау күшейтілді

Талдықорғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инфрақұрылымның қолжетімділігіне бақылау күшейтілді

Талдықорғанда 5217 мүмкіндігі шектеулі азаматты, оның ішінде 770 баланы қамтитын кедергісіз ортаны қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» бағдарламасын іске асыру аясында 2024–2025 жылдары 35 нысанды бейімдеуге 128 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Қолжетімділікті бағалау қала әкімі бұйрығымен құрылған 11 маманнан тұратын мониторингтік топпен жүргізілуде. Тексеру жұмыстары кіреберіс аймақтарды, қозғалыс жолдарын, санитарлық тораптарды, телекоммуникация желілерін және іргелес аумақтарды қамтиды.
152 мемлекеттік нысанның 124-і бейімделген, 28-і – ішінара бейімделген. Сондай-ақ 100 бизнес нысанға мониторинг жүргізіліп, оның 60-ы талаптарға сай деп танылды. Тексеру қорытындысы бойынша 48 нысанда бұзушылықтар анықталып, жалпы сомасы 4,5 миллион теңгеге айыппұл салынды.
Наурыз айынан бастап Талдықорғанда Еуропалық одақтың қолдауымен «Алпамыс» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып жатқан «Қолжетімді орта» жобасы іске қосылды. Бұл бастама қалалық және әлеуметтік инфрақұрылымда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасалған жағдайларды қоғамдық бақылауға бағытталған.
Тексеру барысында қоғамдық ғимараттарда кедергісіз орта элементтерінің – пандустардың, көтергіштердің, тактильді жолақтардың, белгіленген автотұрақ орындарының және басқа да қажетті жағдайлардың бар-жоғы анықталады. Жобаның нәтижелері халықтың аз қозғалатын тобы үшін қолжетімділік пен өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.