Өркендеу жолындағы өрелі істер

Кездесуге Алматы облысы мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсембінов, сондай-ақ, қаладағы мекеме, кәсіпорындардың басшылары, мәслихат депутаттары, құқық қорғау саласының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер, жастар қатысты.
Алдымен көпшілік қаламыздағы білім беру мекемелері мен кәсіпорындардың өткен жылы қол жеткізген жетістіктері бейнеленген көрмені тамашалады. Мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған Текелі кенді қайта өңдеу кешенінде өндірілген шойын құймалары, ішкі нарықпен бірге, алыс-жақын шетелдерге дайын өнімдерін жөнелтіп отырған «Суффле Қазақстан» ашытқы зауытының, «Алақай», «Мрамор Тас» ЖШС секілді іргелі кәсіпорындар, сонымен бірге, жеміс-жидек, бал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары өнімдерінің сапасы мен нарықтағы сұранысы көпшілікті өзіне баурады. Мектеп оқушыларының бүгінгі дамыған технологияларды, жаңа компьютерлік бағдарламаларды меңгеруге деген талпынысы да көптің назарын өзіне аударды. №1, №5 және №8 орта мектептерінде ашылған ІТ сыныптары арқылы ақпараттық технологияның күрделі тетіктерін меңгерген мектеп оқушылары өздері құрастырған шағын құлтемірлерді еркін басқарып, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың жемісті болашағын байқатты.
Көрмеден соң қала әкімі Б.Өнербаев: «Өткен жыл қоғамдық-саяси оқиғаларға толы жыл болғаны баршаға мәлім. Жергілікті атқарушы органдар өз қызметінде мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарларды іске асыруды басшылыққа ала отырып, халықтың әл-ауқатын, экономикалық әлеуетін арттыруға күш салды» дей келіп, нақты атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтті.
Өткен жылы барлық бағыттар бойынша еңсерілген істер оң динамикамен сипатталады.
Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің өнім көлемі 20,3 млрд.теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 2,5 млрд.теңгеге өсті. Қала экономикасына тартылған инвестиция 5,4 млрд. теңгеге жетті. Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы кешенді бағдарламалары қаламыздың бизнес саласына оң серпін беріп, қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1262 бірлікті құрады. Ауыл шаруашылығы мен жеміс-жидек, бал өндірісі де серпін алып, осы салада жұмыс істейтін шаруа қожалықтарының саны 54-ке жетті. Яғни, шағын және орта кәсіпкерлік қала бюджетін арттырумен бірге, тұрғындарды жұмыспен қамтуда да маңызды рөл атқаруда. Өткен жылы 2814 адам осы саладан екі қолға бір жұмыс тапқан. Қала әкімі экономиканы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашып, қала тұрғындарының әлеуметтік әлеуетін арттырудағы туризмнің рөліне маңыз берді.
Өткен жылы қаладағы ішкі жолдарды, көшелерді жөндеу, абаттандыру, инфрақұрлымдарды жаңғырту бойынша да бірқатар ілкімді істер атқарылды. «Металлург» шағынауданына жылу жеткізетін құбыр толығымен жаңғыртылды. Жалпы ұзындығы 29,17 км болатын кәріз жүйесі ауыстырылды. 22 балалар ойын алаңының құрылыс жобасын жасауға қаржы бөлінді. Қала әкімі қаланы газдандыру ісінің өзектілігін айтып, «Достық» шағынауданында басталған тұрғын үйлер мен кәсіпорындарға газ жеткізу ісіне баса назар аударылатынын атап айтты.
Тұрғындарды баспанамен қамту ісі күн тәртібінен түспейтінін алға тартқан қала әкімі білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық тәртіпті жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетіндігін, мектептерге, әлеуметтік орындарға бейнебақылау камераларын орнатумен бірге, тұрғындардың заңды білу және заңға бағыну санасын жетілдіру, полиция қызметкерлерінің жауап-кершілігін арттыру, отбасылық тәрбиеге мән беру, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына бар мүмкіндіктерді жасаудың маңыздылығына айырықша мән берді.
Жастар саясаты мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясының аса маңызды құрамдас бөлігі екенін, Жастар жылының биыл Волонтерлар жылы болып жалғасын табуы жастардың өзін дамытуына, қоғамдағы белсенді, жасампаз рөлін нығайтуына мол мүмкіндік екендігін алға тартты.
Атқарылған істерден алдағы жоспарлар ауқымды. Президент Жолдауындағы басым бағыттар мен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары халқымыздың экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуының бағыттарын айқындап бергені анық. Биыл елімізде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Ата Заңның қабылданғанына және Ассамблеяның құрылғанына 25 жыл, Жеңістің 75 жылдығы сынды атаулы даталар тойланады. Мұның бәрі де ұлттық тарихымызды жаңғыртып, ұлы тұлғаларымызға деген құрметімізді еселей түсетіні сөзсіз. Осынау берекелі істерге қала халқы, әсіресе, жас буын белсенді атсалысқаны жөн.
Сондай-ақ қаламызды жан-жақты дамыту үшін «Қауіпсіз қала», «Танымал қала», «Инвестиция тарту», «Туризмді дамыту», «Таза қала», «Жасыл қала», «Спорттық қала», «Жастар қаласы», «Абайды тану» және «Алкогольсіз қала» жобалары қолға алынады.
Өткен жылғы өрелі істерге, атқарылған жұмыстарға ризашылығын жеткізген облыстық мәслихат хатшысы С.Дүйсембінов алға қойған жоспарлардың орындалатындығына сенім білдірді. 2020 жылы облысымызды газдандыру жылы деп бекітілгенін, бұл Текелі қаласын газдандыру ісіне де тың серпін беретіндігін ерекше атап өтті.
Кездесу барысында ақсақалды қариялар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар өз ойларын ортаға салып, қаламызды дамыту жолындағы барлық ұмтылыстарға бей-жай қарамайтындықтарын жеткізіп, әкім жұмысына оң бағаларын берді.
Кездесуден кейін «Nur Otan» партиясының қалалық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өтті.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ