Жағалаудың тазалығына үлес қосты

Жастарды маусымдық жұмыспен қамту, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының жастары жиналған іс-шараға Астана қаласынан Қазақстан Жастар конгресінің атқарушы директоры Бақдаулет Жанділдаев, Ұлттық волонтерлік желінің атқарушы директорының орынбасары Айбек Досымбетов, Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының атқарушы директорының орынбасары Балнұр Өтегенқызы және Қазақстан студенттері Альянсының төрағасы Ұлан Аманқазыұлы қа-тысып, жылы лебіздерін білдірді. Жазғы суға шомылу маусымында жұмысы қызатын туристік жыл сайын шетелден және еліміздің түпкір-түпкірінен 2 миллионға жуық қонақ келеді екен. Биылғы шомылу маусымы басталған тұста «Жасыл ел» жасақшылары Алакөл көлінің туристерді қабылдауына, жағалаудың тазалығына үлес қосты.
Өз аудан, қала, ауылдарында көше тазалығына, өзен, көл жағалаулары мен саябақтардың реттілігіне назар аударып, жасыл желектерді суарып, экологиялық ахуалдың оңалуына септігін тигізіп жүрген 150-ден астам жас Жетісудың маржаны Алакөлдің жеті шақырымға жуық жағалауындағы қоқыстарды тазалап, арнайы қоқыс тастайтын контейнерлер мен ескертпе тақтайшалар орнатты. Мұны көрген демалушылар қоқыстарын бейберекет шашпай, демалу мәдениетін сақтайтыны анық.
Алакөлдегі әсерлі іс-шараға барып қайтқан жасылелдіктердің біреуі, №1 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Айнұр Құрманғалиқызы: «Мен «Жасыл ел» жасағында биыл бірінші рет жұмыс істеп жүрмін. Өз қаламның таза, әдемі болуына сәл де болса үлесімді қосып жүргеніме қуанамын. Алакөл сапары ұмытылмайтын сәттерімен есте қалды. Жетісу өңірінің әр түкпірінен келген жастармен таныстық. Бір күннің ішінде талай қызықтың куәсі болдық. Су жағасындағы қоқыстарды қапқа салып, жинадық. Жағалауды тым лас деп айтуға келмейді. Біз көлденең жатқан зат қалдырмауға тырыстық. Бірде-бір қоқыс жатпаса, демалушылар да артық заттарын қалдырып кетуге ұялады ғой. Осындай ауқымды экоакциялар көпшілікті жақсы жаққа тәрбиелейді деп ойлаймын. Сонымен қатар біз көлге түсіп, алау маңына жиналып, ән айттық, әңгіме-дүкен құрдық. «Жасыл ел» жасағының қатарында жүрмесем, осындай әдемі басқосудан құр қалар едім. Тазалыққа үлес қоса жүріп, ой-өрісіміздің де өсе түскенін байқаймын», – деді.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА