Елдіктің тұғыры

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алып, өз алдына ел болғаннан кейін алғашқы қадамдардың бірі – мемлекеттік рәміздерді бекітуді қолға алды. 1992 жылы 4 маусымда Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері қабылданды. Еліміздің Елтаңбасы, Туы, Гимні әлемдік рәміздер каталогына еніп, халықаралық қауымдастық мойындады.
Елдіктің тұғыры

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың қастерлі парызы.

Еңселі ғимараттарда Елтаңбамыз жарқырап, көкпен таласа көк Туымыз желбіреп, рухымызды дүр сілкіндіріп Әнұранымыз шырқалғанда бойымызды отаншылдық сезімі кернеп, кең-байтақ қазақ даласын құшағыңа қысқандай боласың, зау биікте еркін самғап ұшқандай боласың. Тәуелсіздік алғалы бері көк байрағымыз әлемдік деңгейдегі спорт додаларында 4 мың рет көтеріліпті. Талғат Мұсабаев Туымызды алғаш рет ғарышқа алып ұшса, Айдын Айымбетов көк байрағымызбен бірге Жер орбитасын 150 рет айналып ұшқан. Сонымен қатар, көк Туымыз оңтүстік, солтүстік полюстерде және әлемдегі ең биік шың – Эверестке де тігілді. Алғашқыда Тудағы ою қызыл түсті және қазіргіден өзгеше болды, кейінірек сары түске ауысты. 1996 жылы туға қошқармүйіз салынып, ені кеңейді. Содан бері өзгеріссіз қолданылып келеді.

1997 жылы қоладан құйылған 32 кг Елтаңба үлгісі Алматыдан Астанаға жеткізілді. 2016 жылы 1 қаңтарда Елтаңбаның жаңа ҚР 989-2014 стандарты қабылданды. «Қазақстан» сөзі латын графикасымен «Qazaqstan» деп өзгер-тіліп, ΔE түстер диапазоны қолданылды. Еліміздің Елтаңбасы мән-мағынасы мен дизайны жағынан әлемде 194 мемлекеттің ішінде 9-орында тұр.

1992 жылы қабылданған алғашқы Гимннің сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева, әнін М.Төлебаев, Е.Брусиловский және Л.Хамиди жазған. 2006 жылы Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Мемлекеттік Гимнге айналды. Мәтінін Н.Назарбаев өңдеді.

Мемлекеттік рәміздер күні елімізде жыл сайын отаншылдық рухпен аталып өтеді. Осы жылы 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнінде Текелі қаласындағы Тәуелсіздік алаңында салтанатты жағдайда Мемлекеттік Ту көтеріліп, жұртшылық Мемлекеттік Гимнді жаппай орындайды.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.