Ісіміз ілгері болсын

Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» ағымдағы ахуалды талдау, халықаралық тәжірбиеге шолу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері, нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелер, тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын қамтиды. Онда мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының жаңа мақсаттары, қағидаттары мен міндеттері көрсетілген. Баршаның заң алдындағы теңдігі және әділдігі, жариялылық, айқындық және қоғамға есеп беру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын кешенді пайдалану, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылындағы тиімділік пен нәтижелілік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды қорғау, сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы және сапалы цифрлық трансформация сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі қағидаттары болып табылады.
Сыбайлас жемқорлықтың мүмкіндіктерін жою міндеттерінің ішінде бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау тәуекелдерін және сатып алуда ықтиятты маңызды. Ұтымсыз капитал салымдарын, әсіресе, мемлекеттік секторда жою мақ-сатында, бюджеттен қаржы құюды көздейтін жобалардың экономикалық негізділігін бағалау тетігі қайта қаралғаны жөн. Бюджет процесінде қаржылық мерзімдерден жобалық мерзімдерге көшу де қажет, бұл күнтізбелік жылдың соңында орындалған жұмыстардың актілеріне асығыс қол қоюды және осыған байланысты заң бұзуды болдырмайды. Жалпы алғанда, мемлекеттік құжаттар мен жобаларды іске асыру кезінде жобалық менеджментті енгізу мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді құрал екені айқындалып отыр.
Бюджет саясатының ашықтығына қол жеткізу үшін мемлекеттік сатып алу, бюджетті жоспарлау және мемлекеттік қаржыны басқару процестерін бірыңғай платформаға біріктіру талап етіледі. Бюджет қаражатының қанша бөлігі түпкілікті алушыларға жететіні туралы мәліметтердің ашықтығы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай азайтады. Бюджет қаражатын бөлінген сәттен бастап игерілгенге дейін «ақшаны бояу» қағидаты бойынша сүйемелдеуді енгізу олардың мақсатсыз пайдаланылуын болдырмайды.
Сонымен қатар сапалы цифрландыру сыбайлас жемқорлықты төмендету факторы ретінде маңызға ие. Мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін цифрлық форматқа көшіру арқылы озық технологиялық шешімдерді одан әрі қолдану барлық салаларда сыбайлас жем қорлықтың алдын алуға бағытталатын болады. Мемлекеттік көрсетілетін жасырын қызметтерді алып тастау, сондай-ақ мемлекеттік емес платформалар арқылы электрондық форматты бір мезгілде кеңейте отырып, мемлекеттік қызметтер көрсетудің баламалы тәсілдерін қыс-қарту дәйекті қадам болады. Қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесін жедел төлемдер инфрақұрылымын кеңейту арқылы, оның ішінде азаматтың цифрлық «әлеуметтік әмиянын» пайдалана отырып ұлғайту маңызды шара, бұл ақша ағындарын оңайлатады және олардың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы биыл Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды» деді. Әр азамат отбасына, жұмыс орнына, айналасына, еліне адал болып, тек адал еңбекпен адал табысқа жетсе, жемқорлықтың ауылы алыстайтыны анық.
Рашид ЕСЕНБАЕВ, Текелі қалалық қазынашылық басқармасының басшысы