Қауіпсіздік шаралары пысықталуда

Қала әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлының төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі қалалық комиссияның отырысы өтіп, көктемгі селден сақтану бойынша жұмыстар пысықталды.
Қауіпсіздік шаралары пысықталуда

Қыстың көбі кетіп, азы қалды. Оның үстіне биылғы қыс жайлы болып тұр. Десе де, табиғаттың мінезіне ешкім де жіп таға алмайды. Тек, күннің қабағын бағып, көктемгі қауіпсіздік шараларын алдын ала саралап, қарғыннан, селден сақтану жұмыстарын тыңғылықты жүргізу маңызды. Себебі, көктемге қарай қар мол түсіп, күн күрт жылынса, бастауын сонау қарлы шыңдардан алатын Қора, Шажа, Текелі өзендерінің деңгейі көтеріліп кетуі мүмкін. Осыны алға тартқан С.Болысбайұлы сақтық шараларын құнттап, барлық қажетті мүмкіндіктерді кез келген төтенше жағдайдың алдын алуға сақадай сай дайындау, әсіресе, тасқын суды реттеуге арналған су реттегіш тоспалар мен су өткізгіш арналардың, көпірлердің, сондай-ақ, өзендердің елді мекендерден өтетін тұсындағы жағалауының беріктігі мен қауіпсіздігін қадағалау жұмыстарын тыңғылықты жүргізудің қажеттілігіне баса назар аударды, төтенше жағдайлардың алдын алуға тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. 

Қазселден қорғау Алатау аумақтық пайдалану басқармасы Текелі филиалының басшысы Айтбек Сазанбаевтың айтуынша Қонаев көшесін бойлай, бұрынғы қорғасын-мырыш шахтасына дейінгі тау бөктеріндегі жылғалар мен сайларда екі қапталы мен тағаны бетондалған 16 су өткізгіш арна және ірі 5 су реттегіш тоспа бар. Тоспаның ең үлкенінің биіктігі 17,5, ені 6,5 метр, сыйымдылығы 300 мың куб. Секундына 100 куб су жіберіп отырады. Олардың қауіпсіздігі мен тік беткейлердегі болуы мүмкін қар көшкіні, жер сырғымасы, сондай-ақ, селдің қауіп-қатерін арнайы қызметкерлер бақылауға алып, Талдықорғандағы диспетчерлік орталыққа тәулігіне 3 мезгіл жалпы жағдайдан хабар беріп отырады.

С.Болысбайұлы аталған комиссия мүшелерімен қаланың шығыс жағындағы Көкбастау туннеліне барып, ондағы нақты жағдаймен танысты. Ұзындығы 60, ені 3, биіктігі 2,5 метр болатын туннель бетондалмағандықтан, орта бөлігінің төбесі опырылған. Егер, туннель бітелсе, жоғары жағына су жинала бастайды. Сондықтан, нақты жағдайды жан-жақты саралап, қажетті жұмыстарды дер кезінде жүргізу және қауіптің алдын алу шараларын пысықтады.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.