Өркениет өзегі

1995 жылы 30 тамызда қабылданған Ата заң мемлекетіміздің тәуелсіз, еліміздің егеменді құқығын, бұлжымас ұстанымы мен даму бағытан әлемге шаш етті.
«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталатын, тоғыз бөлім, тоқсан сегіз баптан тұратын Ата заң – ұлттық болмысымызды, азаматтарымыздың тең құқығын, адамгершілік қағидаттары мен әлемдік өркениеттің озық ұстанымдарын бойына жинаған кемел құжат.
Ата заң күллі әлемге тәуелсіз дамудың мемлекеттік тұғырнамасын, ел басқару тәсілін заңдық тұрғыда бекітіп, ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған байырғы қазақ топырағында жаңа, Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті орнағанын жария етті.
Ата заң біздің адамдық ар-ождан, қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміздің, дініміздің, ата дәстүріміздің дамуына, білім алып, қалаған кәсібіміздің нәсібін көруге, еңбегіміздің жемісін, жеке мүлкіміздің ұрпақтан-ұрпаққа мұраға қалуына, кепілдік берді.
Ата заң бейбітшіл, бауырмал халқымыздың болмысын әйгілеп, еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің ортақ өсіп-өркендеуіне кедергісіз кең жол ашты. Сондықтан да, барша қазақстандықтар бүгінгі қолымыз жеткен барлық жетістіктерімізді ұлан-байтақ ырысты жерімізбен, достық, бірлік, татулық ұстанымдарымен, ақыл-парасатпен, адал еңбекпен байланыстырады. Ұлттық болмысқа, елдік келбетке, мемлекеттік тұтастыққа саятын осынау құндықтарды тоғыстырып, ортақ дамуымызға таймас тұғыр, өркениетті өміріміздің өзегі болған Ата заңды құрметтеу – халқымызды, мемлекетімізді құрметтеу болып табылады.