Кимешекте кие бар

«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Текелі қаласындағы жетекшісі Айгүл Кәрімқызы ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, ұрпаққа өнегелі тәлім-тәрбие беріп жүрген ақ жаулықты әжелер мен аналарды ақ дастархан басына жинап, өрелі әңгіме өрбітті.
Кимешекте кие бар

Бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тер-беткен аналар қауымының ұрпақ тәрбиесі арқылы ұлт тәрбиелеудегі орны ерекше. Сондықтан, олардың жүріс-тұрысы, киім киісі, сөз саптауы түзу болғаны жөн. Қызды қырық үйден тыйған халқымыздың киімінде ұлтымыздың болмысы, дәстүрі мен салты тұнып тұр. Ақ кимешек киген әжелер мен ақ жаулық тартқан келіндер бас қосқан жиында ұлттың тәлім-тәрбиесін желісін үзбей кейінгі буынға аманаттау, ұлттық қолөнер шеберлігін үйрету, сол арқылы жастарды, әсіресе, қыз балаларды ибалылыққа, инабаттылыққа баулып, теріс қылықтардан сақтандыру жайлы сөз қозғалды. Бұл қазіргі қоғамдағы зорлық-зомбылық, шаңырақтың шырқын бұзу, жеңіл жүріс секілді көптеген жағымсыз әрекеттердің алдын алуға үлкен сеп.

«Әйел адамның қасиеті ақ жаулығында. Жаңа түскен келін басына ақ жаулық салып жүреді. Үй тіршілігінде қолайлы әрі тамақ жасағанда шашы түспейді. Ал кимешек кию – ана болғанның белгісі. Кимешек сәбиді емізгенде баланы көлегейлеп, келіншектің кеудесін толық жауып тұрады. Жас келіншектер кимешектерін ашық түсті өрнек, әшекейлермен сәндеп кисе, егде тартқан сайын кимешек те қарапайымдана түседі. Кимешек күннен, желдің өтінен, суықтан да қорғайды. Сондай-ақ, кимешектің үй арасында киетін және қонаққа, той-томалаққа барғанда киетін түрлері бар», – дейді әжелер. Әсерлі басқосуда Айгүл Кәрімқызы «Абзал ана отауы» халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі Гүлбаршын Жақыпқызына кимешек сыйлап, ақ жаулық пен кимешектің киесі жайлы айтты, дәстүрді жаңғыртты.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.