Шекара шебіндегі бапкерлер

Шекарашылар күніне орай Текелі қаласындағы оқу толықтыру атты әскери тобының сарбаздары сәйгүліктерімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы және Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің Туын желбіретіп Тәуелсіздік көшесінің бойымен жүріп өтті.
Шекара шебіндегі бапкерлер

Өздері баптаған сәйгүліктерге мініп, Мемлекеттік Ту мен Шекара қызметінің Туын желбіреткен салтанатты сарбаздарды Мә-дениет үйінің алаңында «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының бірінші орынбасары Марғұлан Ботантаев пен қалалық мәслихат депутаты, Мәдениет үйінің директоры Константин Нестеров кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.             

Еске сала кетсек, 1992 жылдың 18 тамызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Шекара жасағын құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы күннен бастап 18 тамыз еліміздің шекара шебін қорғап тұрған сарбардарымыздың кәсіби мерекесіне айналды. 

Тәуелсіздікпен бірге түлеген шекара қызметі бүгінде халық-аралық талаптарға сай кәсіби мамандармен толығып, дамыған осы заманғы озық әскери құрал-жабдықтармен кемелденуде. Қатаң тәртіп пен күрделі жаттығулардан өткен, тәні де, жаны да болаттай шыңдалған, ұлттық рухы асқақ, Отанға адал сарбаздар қасиетті жерімізді қорғаумен бірге, халықаралық есірткі саудасы, контрабанда, экстремизм мен терроризмнің жолына тосқауыл болуда.

Алатаудың баурайлары мен биік шыңдарын, шатқалдарын кесіп өтетін шекара сызығын бойлап, көркем де ырысты жерімізді қорғап тұрған сарбаздар үшін мініс аттардың маңызы өте зор. Әскери міндетке қажетті сол  сәйгүліктерді Текелі қаласындағы оқу толықтыру атты әскери тобы дайындайды. Әрине, жер түзілісі күрделі қиын да қауіпті тау жолында сарбазбен біртұтас тұлға болып кететін, көнбіс те жүрісті сәйгүліктерді баптау оңай емес. «Ат – ер қанаты» дегендей, шекара шебінде сәйгүлік баптаған сарбаздар батыр бабаларымыздың рухын асқақтатып келеді. 

Ақан Ырымжанұлы

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.