Әділеттіліктің игі жолы

Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалғанын, әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл ретте прокуратура қызметкерлерінің аса жауапты міндетті мойнына алғаны анық. Мемлекетте заң бар екенін білетін қалың бұқара оның қалтқысыз орындалатынына да сенімді болмағы хақ. Әйтпегенде, үлкенді-кішілі құқықбұзушылықтарды ауыздықтау мүмкін болмай қалады. Әділетті Қазақстан құру мұратының мақсатты, нәтижелі болуы үшін Мемлекет басшысына ғана есеп беретін прокуратураның пәрмені мықты болғаны жөн. Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Конституциялық заңында прокуратураның мақсаты мемлекет атынан заңда белгіленген шектерде және нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыру, сотта мемлекеттің мүддесін білдіру және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыру екені көрсетілген. Уақыт өткен сайын бұл саланың салмағы артып, мақсат-мұраттары да ауқымдала түсуде.
Өтіп бара жатқан жылдың 1 қаңтарында «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы күшіне енді. Жаңа Конституциялық заңның қабылдануы прокуратураның азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау және қылмыстық процестегі репрессивтілікті төмендету, қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, бизнесті қорғау, заңсыз шығарылған активтерді қайтару және заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөнінде басқа да мәселелері бойынша үйлестіруші рөлін күшейтудегі маңызды қадам болды.
Қай салада болмасын кәсіби мереке атқарылған істің салмағын саралап, қызметтік парызға адалдық танытқандардың мерейі өсетін кезең. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз орталығы Бас прокуратурада Қазақстан Республикасының прокуратура күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиын өткенін хабарлады. Бас Прокурор Берік Асылов бірінші кезекте заңдылық пен әділдікті қорғаған прокуратура органдарының ар-дагерлеріне алғысын білдіріп: «Бүгін біз кәсіби мерекемізді атап өтіп қана қоймай, прокуратура саласының іргетасын қалаған аға буынның бізге қалдырған өшпес ізін бүгінгі мақтан етерлік тарих екенін мойындаймыз. Бұл Заңға адал қызмет етудің, азаматтардың құқықтарын әділ қорғаудың және әділеттілік үшін табанды күрестің жауапты да игі жолы», – деп атап өтті. Сондай-ақ, Бас Прокурор Мемлекет басшысының бастамасы бойынша елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға, оның ішінде құқық қорғау тетіктерін нығайту, қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру және кез келген құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын сақтауға тоқталды. Прокурорлық қадағалау мемлекет пен қоғам өмірінің барлық бағыттарын қамтиды. Күн сайын тексерулер жүргізіледі, заңнама нормаларын сақтау бойынша мемлекеттік органдардың актілеріне талдау жасалады. Бұзушылықтар анықталған кезде оларды жою және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданады.
Ел мүддесі мен халық сенімінің үдесінен шығуды мұрат тұтқан прокуратура органдары үшін қоғамның түрлі салаларында азаматтардың құқықтарын қорғаудың кепілдіктерін одан әрі нығайту маңызды.
Жетісу облысы прокурорының орынбасары Ержан Сыбанқұлов «Jetisy» газетінде жарияланған ма-қаласында: «Жетісу облысының прокурорлары 2023 жылы 700-ге жуық іс бойынша мемлекеттік айыпты қолдап, жәбірленушілердің құқықтарын қорғады. Сондай-ақ, прокурорлардың бастамасымен апелляциялық және кассациялық сатыда 24 сотталушыға қатысты соттың үкімдері мен қаулылары заңға сәйкес түзетілді. Оның ішінде 6 адамның жағдайы жақсартылды, яғни, жазалары жеңілдетілді, жаза өтеу мерзімдері төмендетілді. Мемлекеттік айыптауды сапалы қолдаудың нәтижесінде заңсыз жазаға тартуға, азаматтардың конс-титуциялық құқықтарын бұзуға жол берілген жоқ. Демек, мемлекеттік айыптаудың сотты дұрыс бағдарлауы әділетті шешім шығаруға ықпалын тигізеді», – деді. Азаматтардың құқықтарын қорғау жолында Текелі қалалық прокуратурасының ұжымы да ершімді еңбек етіп, ел-жұрттың ықыласына бөленіп, алғысын алып жүр.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА