Қырық жыл аспаз

Жұмысына байланысты бұл әлемде ең көп алғыс алатын қай мамандық түрі деген сараптама жүргізсе, барлығы бірден аспаз деп жауап беретіні анық. Себебі, түрлі тағам дайындап, түрімен де, дәмімен де әр адамның көңілінен шығатындай етіп оны ұсыну қиын іс. Аспаз – бірегей мамандықтың бірі.
Қырық жыл аспаз

Көпшілік бұл ойды керісінше аспаздық өнерде аса бір қиындық жоқ деп есептейді. Тек қажетті азық-түлікті біріктіріп пешке салса тағамды дайын күйінде алып шығады деп ойлайды. Алайда бұл біз ойлағандай оңай емес. Аспаздың жұмысының басты факторлары ретінде иіс сезу мен дәм түйсігінің жоғары болуы аса маңызды. Сонымен қатар, білікті аспаз ұқыпты, зейінді, жинақы әрі есте сақтау қабілеті жақсы болу қажет. Адамдар дәмді тағамды жеп және тойған кезде көңілденіп, жеген асы бойына дарығанда күш жинап, бақытты болады. Міне, сондай қуанышты жандардан алғыс алып жүрген аспаздың бірі – «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қырық жылға тарта бас аспаз міндетін атқарып, дәмді тамағына мейірімі мен жылы жымиысын қоса ұсынып жүрген Сайра Жетібаеваны үлкен де, кіші де сыйлайды, жақсы көреді. 1981 жылы Текелі қаласына келін болып түскен ол бүгінде аяулы жар, парасатты ана, ардақты әже. «Шапағат» орталығында бас аспаз міндетін атқарып келе жатқанына 39 жыл толған. Өзінің қалаған мамандығы бойынша қажырлы еңбек сіңірген тұлға. Күнделікті 300 адамға үлкен мөлшерде тамақ жасап, қарттардың тоқ болуын қадағалайды. «Ас – адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Сондықтан, қарттардың денсаулығы мықты болуына септігін тигізетін арнайы тағайындалған мәзір бойынша күнделікті 4 мезгіл шайнауға жеңіл әрі диеталық тұрғыда асқазанға ауырлық тудырмайтын ас түрлерін ұсынады. Сол себепті күнделікті тамақ құрамында балғын ет пен көкөністер қосындысынан дәмі тіл үйірер тағамдар жасайды. Мереке күндері қарттардың көңілін қуантатындай тәтті бәліш пісіріп, дас-тарханды жайнатып, көңілді кештер өткізіледі. Осы уақытқа дейін қарттар тарапынан ешқандай наразылық болмаған, тек алғыс алып келген қызметінің бүгінгі жетістігі – «Еңбек адамы» төсбелгісінің иесі атануы.

Астың дәмін тұз келтіреді, бірақ оның керемет дәмді, жеген адамға сіңімді болып, қуаныш сезімін сыйлауы білікті аспазға байланысты.

Айнұр РАХЫМБЕКҚЫЗЫ

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.