«Ақылды шамдар» іске қосылды

Текелінің сымдай тартылған әсем көшелеріне бағаналар орнатылып, жарықтандырылған көшелер саны жылдан-жылға артып келеді. Сәрсенбіде Қора өзенінің жағалауында күн энергиясынан жарықтанатын шамдар жарқырап, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды. Енді Текелі халқы қараңғы мезгілде Қора өзені арқылы өтетін көпірден жағалау бойымен Даңқ монументінің жанымен өтіп Көк-Төбе бақылау алаңына дейін жоғары қарай апаратын баспалдақ жолымен алаңсыз өте алады. Жол бойына барлығы 67 жарық шамдары қойылып, жарқырап шуағын шашып тұр. Осындай қуанышты жағдайға қатысқан қала әкімі Бахтияр Өнербаев құттықтау сөз сөйлеп, әр адам өз қаласын қорғау керектігін айтып, тазалықты сақтауға, ортақ игіліктерді көздің қарашығындай сақтауға үндеді. Бұл – қаламызда «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 5-жоба. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Т-Строй Проект» ЖШС жүргізген. Жоба аясында 13 текелілік азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекпен қамтылған.
Күн батареялары арқылы қуатталатын көше шамдарын жарықтандыру тех-
никасындағы «озық технологиялар серпілісі» деп санауға болады. Олар күндізгі жарық энергиясын пайдаланады, электр қуатын артық төлемеуге мүмкіндік береді әрі адам мен қоршаған орта үшін мүлдем зиянсыз. Бұл шамдар ықшамды және қолдануға ыңғайлы, сымсыз жұмыс істейді, ал ұзақ қызмет ету мерзімі оларды сатып алу шығындарын тез өтеуге мүмкіндік береді. Шамдар автоматты түрде жұмыс істейді, оларды қосудың және өшірудің қажеті жоқ.