Тіршіліктің гүлі – Ана

Әдемілік пен мейірімділіктің белгісі ел тәуелсіздігінің нығаюына, экономикамыздың дамуына, ел бірлігініңбекемделуіне өзіндік сүбелі үлесін қосып келе жатқан ардақты жандарды құттықтаған қала әкімі Бахтияр Өнербаев бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді әлдилейтін аяулы жандарға ерекше ілтипат, сый-құрмет көрсетті. Өз сөзінде «Жұмақтың кілті – ананың табанында» екенін алға тартып, үрім-бұтағын елжандылыққа, еңбекқорлыққа, адамгершілікке баулып, болашаққа нық сеніммен қадам басуға жетелейтін асыл аналардың дана қасиеттеріне тоқталып, игі тілегін білдірді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 7 ақпандағы №260 Жарлығы бойынша наградталған көпбалалы ана Назгүл Күжікееваға «Алтын Алқаны» табыстады. Түрлі салада білімімен, белсенділігімен, адал еңбегімен ерекшеленген нәзік жандылар, атап айтсақ, «Текеліліктер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Новоселова, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Текелі қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Балапан Исабекова, қалалық аурухана басшысы Елена Целищева, «Шапағат» Текелі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Алма Нұрмыханова, қалалық статистика басқармасының басшысы Аида Әлімбердиевалар «Қазақстан Мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына қосқан үлесі мен абыройлы еңбегі үшін Гүлнар Сарбасова, Ақмарал Сатарбаева, Гүлбахыт Сүлейменова, Жанар Қабылбекова, Татьяна Русинова, Гүлбаршын Бектұрова, Марина Александрова, Раушангүл Шарипова, Гүлзат Алибаева, Гүлнар Ибраимова, Наталья Сибирякова, Балапан Исабекова, Елена Целищева, Лейла Кешуова, Марина Кихтева, Күлтай Шошақова, Татьяна Малютина, Айнұр Үрістембекова, Антай Калиева, Назиля Сапарғалиеваларға қала әкімінің Құрмет грамотасы берілді.
Сондай-ақ, қала әкімінің Алғыс хатын иеленген бір топ озат арулардың мерейі тасыды. Нәзік жанды қыз-келіншектерді шуақты да шұғылалы көктем мерекесімен құттықтаған қалалық мәслихат хатшысы Николай Калиновский жүрекжарды тілегін жеткізді. Татулық пен келісімнің тірегіне айналған ақ жаулықты аналардың құрметіне әсем әндер шырқалып, ақ тілектер ақтарылды.
Нұржан Махаббатқызы