Өткен күн – ұмытылмас сұлу сағым

Ұлы Отан соғысы туралы қаншама шығарма жазылып, қаншама кино түсіріліп жатса да, оның тарихына еш уақытта нүкте қойылуы мүмкін емес. Отан соғысының ізінде әлі де ашылмай жатқан ақиқаттар, еленбей қалған ерліктер, елеусіз жатқан ерлер қаншама?! Оны ашып-анықтау, белгісіз болып жатқан тағдырларды тауып елге таныту, лайықты атаққа ие болғызу, олардың есімдерін еске алып, жауынгерлік және бейбіт еңбектегі жолын жас ұрпаққа жеткізіп, санасына сіңіріп отырудың да зор рухани, әрі тағылымдық мәні бар.
Көршілес жатқан Ескелді ауданында шағын ғана Екпінді деген ауыл бар. Сол ауылдан Ұлы Отан соғысына 40-тан аса жас жігіттер мен орта жастан енді ғана асқандар аттаныпты. Көбі сол сұм соғыстан елге оралмай, майдан даласында қалды. Бәрі де ерліктің үлгісін көрсетті. Қыршын өмірлерін елі мен жері үшін пида етті.
Қан майданға аттанғандардың ішінде сол кезде он сегіздегі жас жігіт Елеусіз Ерғожин да болатын. Ол 1923 жылы Ұшбұлақтың етегінде орын тепкен Екпінді ауылында дүниеге келген. Жастық шағын жалындата жарқын өмірге арнап, сол замандарда бастауыш қана білім алып, кейініректе «Большевик» деп аталатын Текелі қаласының етегіндегі «Станса» даген жерде жетіжылдық мектепке жаяу-жалпы қатынап білімін жалғастырыпты. Екі ара тура жүрген адамға 10 шақырым жол екен. Сол заманның бозбала жігіттері үйлерінен таң ата шығып, күн бата оралатын бопты. Оқу оқып келдік деп төріне құлай кетпей, үй шаруасын атқарып, қорадағы азын-аулақ малға да қарайды екен. Міне, осылайша жайма-шуақ жадырағын өмір өте берер ме еді, әлдеқалай, кенеттен соғыс басталмағанда. Бұл мәңгілікке тарихтан орын алған 1 миллионнан астам қазақстандықтардың басын жұт-қан сұм соғыс – Ұлы Отан соғысы деп аталды.
1941 жылдың күзінде кәмелетке толған ер азаматтар түгелдей майданға аттанып, ауылда қалған кемпір-шал, аналар мен балалар колхоздың жұмысына жегілді. Жаздыгүні егін орып, шөп шауып, масақ тереді. Өгіз арбамен жиған-тергендерін қырманға, қоймаға тасыды.
Елеусіз Ерғожин – Украина майданында соғысты. Бірқатар қалаларды фашистерден босатуға атсалысты. Осындай шайқастарда екі рет жау оғынан жараланады. Оның бірін өзі өмірден өткенше мойнынан сәл жоғарырақ орналасқан жарықшақты арқалап жүріп, ақыры соның кесірінен 1988 жылы 66 жасында дүниеден озды.
Отанымыздың қасиетті жерінен немістерді тықсыра қуып, талай тар жол, тайғақ кешуден өтіп, майдандастарымен бірге Польша жеріне де жетеді. Осы уақыт ішінде бірнеше медальдармен наградталды. Сол сұрапыл күндердің сипаты былай болар еді:
Соқыр тұман, қара түнек жерге шөгіп,
Күркірейді түнгі аспан өлім төгіп.
Сілкінген жер жарылып, қырғын болып,
Қарлы дала көлкіген қанға бөгіп.
Днепр көлденеңдеп толқынданған,
Қызыл теңіз дерліктей аққан қаннан.
Сол жағада өздерін оққа тосып,
Жас боздақтар еліне қайтпай қалған.
Оң жағалау қалың жау оқ боратқан,
Бар күшін тақап қойған батыс жақтан.
Бұйрық сол – өліспей, беріспеуге,
Отан үшін тек Алға! Аттан! Аттан!
Азаптан ажал төнсе де тайсалмауға,
Еселеп соққы беру фашист-жауға.
Дұшпанды дүркіретіп қуып шығу,
Берлинге жеткенше әсте тоқтатпауға.
Ант осы – миллиондаған солдатқа, маршалға да,
Болмайды шегіну де, шаршау мұнда.
Әр шаршы Отан жерін қорғау міндет,
Жау жатыр қасарысып қарсы алдыңда.
Жан пида Отан үшін – Алға! Алға!
Берлинде ту тіккенше Рейхстагқа.
Қамалын тас-талқан қып қоршаудың да.
Елеусіз Ерғожиннің де батальоны қарсы жаққа оқ жаудырып алға жылжиды. Бұрқ-сарқ жарылған бомбалардан аспанға ұшқан қара түнек топырақ аралас түтінді жарқ-жұрқ жарып, алаулаған от жалын алғы шебінде пулеметшілер немістерді оқтың астына алған. Дандайсыған дұшпан алғашқыда қара құрымдай қатарын бұзбай қарсы жүре атысып, алдыңғы фашистердің легін баудай түсірді. Міне, дәл осы жолы Елеусізге Богдан Хмельницкий ордені табыс етілді.
1945 жылы 9 мамырда Ұлы жеңіс күнін қуанышпен қарсы алған капитан Елеу-сіз Ерғожин фашистік Германияның талқандалғанына бүкіл Кеңес Одағының халқымен бірге қуанды. Елге оралған Елекең снарядтың жарқышағын желкесіне «байлап» алып, туған жерге табан тіреді. Ол заманда бос жүретін жай жоқ. Ағайынды көріп, анасы Тәтім мен артында қалған інісі Еділдің бетінен сүйіп, мауқын басып, жұмысқа кірісіп кетті. Әуелгіде колхоздың әр саласында еңбек етті. Артынша Алматыдағы мұғалімдер даярлайтын екіжылдық жоғарғы курсты оқып алды. Тарих мамандығы бойынша мектепте сабақ беріп жүрген оны, аудандық партия комитетінің секретары шақырып алып:
– Ерғожин жолдас, біз сізді соғыс ардагері ретінде жақсы білеміз. Оның үстіне мұғалімдер даярлайтын жоғары курсты да жақсы бітіріпсіз. Мектептегі беделіңіз де жаман емес екен. Осының бәрін ескере келе Талдықорған аудандық партия комитетіне нұсқаушы етіп аламыз. Қалай қарайсыз? – деді.
Сәл үнсіз ойланып отырып қалған Елеусіз:
– Мен ұстаздық жұмысымда жүре берсем деймін. Оның үстіне кәрі шешем, кәмелетке толмаған інім бар. Оларға қарайласуым керек, – деп шұбыртып келе жатқанда, хатшы оның сөзін бөліп:
– Ерғожин жолдас, коммунис екеніңізді ұмытпаңыз. Біз Сізді партияның мүшесі ретінде шақырып отырмыз. Ауылдағы анаң мен ініңізді көшіріп аласыз. Ертеңнен бастап іске кірісіңіз. Ал, әзірше сау болыңыз, – деп Елеусіздің сөзін де аяқтатпастан хатшы төте соқты. Іс осымен бітті де Елекең Талдықорған аудандық партия комитетінің нұсқаушы-инструкторы болып жұмысқа кірісті.
Жасынан қай жұмысқа болса да бейім жігіт бірден істі дөңгелетіп алып кетті. Сондықтан да болар ол өз ортасында шоқтығы биік көрініп, ел-жұрттың ілтипатына бөленді, жақсы сөздің мәйегіне айналады. Ыстық ілтипатқа кенеліп, жұрт құрметіне ие болды.
Бір дәуірде, тіпті бір ортада өмір сүріп жатқан адам баласының қадір-қасиеті, деңгейі, ақыл-парасатының көтерілген биігі әркелкі болатыны бесенеден белгілі жай емес пе? Замана, қоғамдық құбылыс – адамзаттың өмірлік тірегі, тұрмыс-тіршілігі, негізі, түп-тамыры десек, Елеусіз Ерғожиннің де өз заманымен, қоғам өмірімен тығыз байланыста болғанын осы эссеміздің өн бойынан табылып отыратынын да айта кетейік. Сондықтан, адамзат мәйегінде жалпы дүние-болмыстан алатын әсерлері алуан, оны кесімді жайлармен шектеуге, біржақты, тар шеңберде ұстауға болмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Ендеше өз дәуірінің талабына сай қалыптасқан Елекең барлық саналы ғұмырын кеңестік дәуірдің негізгі саласы деп есептелген идеологияға арнаған екен.
Партия қызметінде ысылған Елекеңді партком хатшылығына өсірді. Ол кезде колхоз партия ұйымының хатшысы сол ауылдың бірінші тұлғасы болып есептелетін. Колхоздың сан салалы жұмыстарының түгелдей өрге басуына партияның басшылығымен іске асырылуда деп айтылатын. Демек, партия жетекшісі ісімен де, өзінің жеке өмірімен де, отбасымен де үлгі болуы міндетті шарт еді. Елекең моральдық жайдан еш күмәнсіз, кіршіксіз болды. Өмірлік ұстанымымен қызметін мінсіз атқара жүріп, қол астындағы коммунистері мен қарапайым еңбек адамдарын өмір талабына сай икемдепті, кей-кейде «Бірінші басшылар өзін бөлектетсе де, бұл ешкімді бөле жармапты. Бес саусақ бірдей еместігін біле тұрса да, әр адамның бойынан жақсылық, ерекшелікті танып, біліп тұратын, олардың мінезіндегі адамзат баласына тән ала-құлалықты елемеуге тырысатын, шектен шығып бара жатқаны болса, қатқыл да қатал айтып жөнге салатын адам болуға тырысыпты. Негізінен адалдық пен әділеттілікті ұстай білген басшы болды. Адамгершілік деген ұлы мінезді бойына сіңіруге тырысып, шын мәнінде мемлекет ісін алға жылжытуға мүдделі қызметкер екендігін іс-жүзінде дәлелдей білген ол Абай атындағы колхозда 10 жылға таяу партия ұйымының хатшысы болып, кіршіксіз қызмет атқарды.
Әсте небір көкшулан дарын, әйгілі азамат болсаң да, кіндік қаның тамған топырағың ыстық әрі дара болады емес пе?! Сол жерді сүю арқылы ғана кез келген кемел тұлға, жаһанға құшағын жая арман қуған сағым тәрізді болмақ. Ізгілік сапарына талпынған аяулы да дауалы күндері адамзат санасына естелік болып енетін, көңілді бірде сағынышпен жабырқатып, бірде алуан түрлі қызығымен жадыратады.
Ендеше, Елеусіз Ерғожин соғыстан кейінгі ғұмырын қызметкер ретінде қалыптастырған – туған жері, оның құнарлы топырағы, дархан табиғаты, өскен ортасы, қонақжай отбасы, оған қоса қарапайым да, еңбекқор ауылдастарының тілек-батасы шығар.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жаңа бір құрылым ашылды. Ол кәсіподақтардың беделі мен статусын көтеру мақсатында әрі еңбек адамдарының құқығын қорғау болатын. Қарапайым еңбекшіл қауымды қорғау дәл Елеусіз сияқты ағалардың оң жамбасына келетін жұмыс сияқты. Осыны дұрыс түсінген Елекең өзі сұранып, осы жұмыстың тізгінін ұстады. Оның үстіне соғыстан қалған снаряд жарқышағы ауық-ауық мазалап жүрген болатын. Десе де, ауыл шаруашылығы кәсіподағы қызметкерлерінің төрағасы болу да оңай олжа емес еді. Социалистік жарыста алға шыққандарды дәл тауып, оның қаулысына үшінші болып қол қою да осы Елекеңнің таза қолымен жүргізілуші еді. Қалай десек те, арғы жағында оның ешкімге жамандығының жоғының басым тұратындығын ертеректе көз көрген ағалар айтып отыратын.
Елеусіз ағаның кеңестік мемлекет қыз-метіндегі атқарған істері туралы ұзақ та, қысқа да айтуға болады. Топтап айтсақ, оның ғұмырнамалық өнегесі бір кітапқа арқау болар еді. Ондай кең әңгімеге тәуекел ету үшін оның өмір жолына терең үңілу керек болатын сияқты. Біздің мақсат, өткен дәуірдің ыстық-суығын арқалаған өз ісін табандылықпен, білгірлікпен жүзеге асырған, ол үшін әлденеше рет наградалармен марапатталған, сөйте жүріп, атқарған ісін абыроймен, ар-ожданын аяққа басқызбай, шындықтан ауытқымай, өткергені туралы қысқаша ғана ойларымызды түюмен ғана шектелдік.
Елеусіз Ерғожин елудің ортасынан асқан шағында «Баяғыда» соғыстан кейін өзі таңдаған мамандығы мұғалімдікке қайта оралды. Аудандағы ортан қолды мектептің бірі Қаратал орта мектебіне директор болып, 10 жылға таяу жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берді. Сөйтіп зейнеткерлікке шықты. Мұнда да абыройлы болды. Қазақстанның білім беру ісінің үздігі, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Енді бір мезгіл Елеусіз ағаның ата тегіне көңіл қоялық. Қазақта «Руыңды білсең – рухың риза», «Түбін білмеген – түгін білмейді» деген атам заманнан келе жатқан нақыл сөз бар. Жеті атасына дейін жазбай білетін халқымыздың айрықша зерек ойы осында жатқан жоқ па?! Міне, сондықтан да, көшпелі қазақ жұрты жеті атасын жатқа ұстап, өсер ұрпағының келешегіне мән беретін. Қаны таза болсын деп, ағайындарының арасы бір-бірімен жеті атаға толғанша қыз алыспайды. Әз Тәукенің «Жеті жарғысында» құпталған Ата заңы осындай. Оны мойындамау – туған елін құрметтемеу.
Елеусіз әкесі Ерғожадан екеу, оның бірі – Еділ. Қазаққа белгілі ғалым. Академик. Химия ғылымдарының маршалы, мемлекеттік сыйлықтың иегері. Елеусіз бен Еділдің балалары мен қыздары да ғылым жолында. Шетелде, Қазақстанда, әрқайсысы өздері таңдап алған мамандықтары бойынша табысты еңбек етуде.
Еділ мен Зеннаттан туған Дәулет Ерғожин көп жылдар республикада салық жүйесін басқарып, мемлекетіміздің экономикасының қалыптасуына елеулі үлес қосты. Қазір мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде, генерал, төрағаның орынбасары болып жұмыс істеуде.
Сонымен тұла бойына елдік ұғымды сіңіріп, кісілікті ұқтырған, туған жердің топырағына ештеңені айырбастамаған Елеусіз Ерғожин алға қойған нұрлы мақсатына ерен еңбегімен жетсе, оның есімі туған жерге, мұндағы ел-жұртқа белгілі еді. Десе де, біздің мақсат: сұлу сағымдай болып артта қалған өткен күндерді еске алып, кешегі соғыс солдаты, ашық күннің, бейбіт еңбектің кемеңгері Елеусіз Ерғожинды Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай, бүгінгі ұрпақтың есіне салып, өмір жолынан тағылым алса, артық болмас деген ниетпен жаздық.
Аруағы риза болғай!
Сәбит Биболов, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР мәдениет қайраткері