Жастардың үлесі

Текелі қаласында 10 тамыздан бастап «Жасыл ел» жасағы жұмысын бастады. Қазіргі таңда 10 бозбала мен бойжеткен қаланы көгалдандыруға, тазалығын сақтап, экологиялық жағдайын жақсартуға үлестерін қосып жатыр.
Жастардың үлесі

Елімізде 2005 жылдан жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» жалпыұлттық жобасына қатысып, демалыс уақытында туған еліне де, өзіне де пайдалы іс қылуды құптайтын жастар баршылық. Жоба жас буынды еңбекке баулып, ортақ идеялар төңірегінде топтастырады, табысқа жетелейді. Алматыдағы С.Асфендияров атындағы ұлттық медициналық университетінің 2-курс студенті Арай Нарымбетова Текелідегі «Жасыл ел» жасағына жетекшілік етіп жүр. «Біз күнделікті қала көшелеріндегі тазалыққа атсалысып жүрміз. Көше бойындағы, алаңқайлардағы қоқыстарды жинаймыз, сарғайып түскен жапырақтарды, қураған шөптерді тырмалап, ағаштардың түптерін әктейміз. Жалғызілікті үлкен кісілердің үйлеріне барып, көмектесу ниетіміз де бар. Жазғы демалыста үйде босқа жатқанша, өз қаламыздың көркейіп-гүлденуіне аз да болса үлесімізді қосып жүргенімізге қуанамыз. Қоршаған ортаға адам өз қолымен пайда да, зиян да келтіреді. Кейде көшедегі қоқыстардан жиіркенеміз. Соны қоқыс жәшігіне апарып тастамай, көшеге лақтыра салған жан оны өзіндей басқа адам жинайтынын неге ойламайды екен? Жақында біз бәріміз Алакөлдегі Ақши демалыс аймағында жастар еңбек жасақтарының жаңа маусымының ашылу салтанатына қатысып келдік. Жетісу облысының әр аудан, қаласынан «Жасыл ел» жасақтары қатысты. Бір-бірімізбен танысып, ойнап-күлдік, суға түстік. Ең бастысы, туризмнің тамаша ошағы Алакөлдің жағасындағы қоқыстарды жинадық. Сонда байқағаным, демалушылар мәдениетті бола бастапты, көбі отырған жерлерін жинап кетеді. Бейберекет жатқан қоқыс азайған сияқты. Осындай мәдениетті әрқайсымыз сақтасақ, Текелі жасыл ғана емес, таза қала атанады деп ойлаймын», – дейді ол.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.