1 қыркүйектен бастап үй жануарларын чиптеу міндеттеледі

«Үй жануарларына чип орнату, белгі салу немесе басқа да процедураларды жануар иесі өз қалтасынан төлеуі керек. Мұндай ветеринариялық қызметтерді төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін ғана ерекше жағдай қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, облыстық бюджеттен 035 «Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын сәйкестендіру» чиптеу жұмыстарын тегін жүргізу бойынша жалпы 21 млн. тенге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта Мемлекеттік сатып алу порталына конкурс арқылы берілді», - деді Дархан Қуатұлы.
Спикерлер облыс бойынша иелері бар иттер мен мысықтарды өз қаражаты есебінен бірдейлендіруден (чиптеу) өткізу қажет екендігін ескертеді. Егерде өз меншігіндегі ит-мысықтарын бірдейлендіруден өткізбеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын хабарлайды.
«Ветеринариялық клиникалардың ақпаратына сүйенсек, чиптеу құны 3,5 мыңнан 8 мың теңге аралығын қамтиды. Жануарларда чиптің бар-жоғын анықтайтын арнайы сканер құрылғысы бар. Міндетті тіркеуді енгізуге дайындық былтырдан бастап белсенді жүргізілуде. Тіркеу барысында цифрлық экожүйе құрылды. Сондай-ақ, TANBA жануарлар тізілімі бар ұлттық электронды сервис іске қосылды», - деді Дінмұхмамед Бөкенбайұлы.