Айым Азатқызы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 1-курс студенті: Ұлт келбеті

Астана мен үшін алдымен асқақ армандар мен межелі мақсаттардың, озық идеялардың алтын қақпасы дер едім. Болашағымды елордамен байланыстырғанда менің алдымнан екі бірдей есік айқара ашылды, алдымен – білім мен ғылымға деген қызығушылық, екіншісі – жаңа таныстық, жаңа мүмкіндіктер мен тың идеяларға толы кемел келешекке деген баспалдақтар. Бала кезімде дизайнер немесе суретші болуды армандайтынмын. Бірақ уақыт өте арман-мақсаттарым өзгерді. Бүгінде таңдаған мамандығым – криптология. Ол ақпараттық қауіпсіздікпен байланысты мамандық. Бұл мамандықты игерсем өкінбейтінімді түсіндім. Себебі, ол менің болашақтағы кез келген жұмысыма қажет болады. Еуразия Ұлттық университетін таңдаған себебім, қазіргі таңда криптология мамандығы тек осы оқу орнында бар. Сонымен қатар, университетімнен 1 жылдың ішінде көп нәрсе үйрендім, көңілге түйгенім көп болды. Түрлі ғылым мен білімнің биік белестерін бағындырған оқытушыларымнан сапалы білім мен саналы тәрбие алу – өзіме деген сенімді арттырып, биікке самғауға ұмтылдырып келеді. Тіршілік қазаны қайнаған елордамыздың еңселі келбеті, мәдениетті қозғалыс жүйесі, жақсылық жасап, бір-біріне көмек қолын созған мейірімді адамдар, зәулім сарайлар, мұнтаздай таза көшелер, бәрі-бәрі мені алға қарай талпынып, дамуға жетелеп келеді. Әрине, жүрегімнің бір түкпірінде Текелі де тұрады.
Ару қала Астананың студенті екенімді ойласам, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Астана – талабы таудай жастарға жол ашқан қала. Жас ұрпақты жарқын болашаққа бастайтын киелі мекен. Арман қуып келген әрбір азаматқа жол нұсқаған қасиетті жер. Нақтырақ айтсақ, көшбасшы жастардың қаласы, тәуелсіздігіміздің ордасы. Тарихы мен табиғаты, сәулетті сарайлары мен бүкіл тіршілігі ерекше жас қала – Астананың күн сайын көркейіп, еңсесі биіктеген қалаға айналуы бізді қуанышқа бөлеп, әлем жұртын көркімен тамсандыруда. Осы бағытта да өскелең ұрпақ жас қаланың жігерін жанып, ертеңін кемел етуі керек. Жалпы, елімізде жастарға ерік-жігер беріп, білім-ғылымда, кәсіп бастауда немесе шетелге шығып, озық білімді игеріп келуде өте жоғары деңгейде жағдай жасалған. Сол мүмкіндікті пайдаланып, болашақта шетелде білімімді жалғастырсам деймін. Бүгінде бос уақытымда мобилография, СММ сынды мамандықтарды зерттеп, байқап
көрудемін. Болашақта еліміздің жан-жақты дамып, көркеюі үшін өзімнің сүбелі үлесімді қосатыныма сенімдімін!
Туған күніңмен, Астана! Қазаққа құтты мекен бол!