ТАЛАП ҚАТАҢ

Жасыратыны жоқ, егер, адамдар карантин талаптарын толық орындамаса, баршаға ортақ санитарлық ережелерді саналы түрде сақтамаса, қауіпті індет өршіп, ауыр зардап тудыруы мүмкін. Қазір әлем ғалымдары, білікті дәрігерлер вирустың қауіптілігі оның тез таралуында екендігін айтып дабыл қағуда, сондай-ақ, індетті «жан алғыш жәбірейілдей» көріп одан үрейленуге де, иммунитетім күшті деп немқұрайдылық танытуға да болмайтынын ескертуде. Қалың тұманды жарған жарық сәуледей болған бір үміт – қатаң тәртіп қана аурудың таралуына тосқауыл болатынын дәлелдеп отыр. Сондықтан, белгіленген карантин талаптарын саналы түрде орындауымыз өте маңызды. Атап айтқанда, жасы 60-тан асқан адамдардың үйде отыруы, дүкенде, аялдамалар мен автобуста маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, адамдардың топтасып жиналмауы, жеке бас гигиеналық тазалыққа мән беруі – баршамызға ортақ талап, оны елемейтіндер мен қасақана бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осыны алға тартқан қала әкімі қала тұрғындарын жұдырықтай жұмылып, белгіленген барлық санитарлық талаптарды саналы түрде орындауға шақырды.
Жұмыс тобы, сондай-ақ, бірқатар дәріханаларды аралап, ондағы дәрі-дәрмектердің бағасы мен қолжетімділігіне назар аударды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.