Қара жерден шырын сауған

«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жа-қында күрделі жөндеуден өткен әл-Фараби көшесін бойлап, батыс бағытқа қарай жүре қалсаңыз, қолыңыздың сол жағындағы қаз-қатар тізілген үйлердің бірінің бау-бақшасы сіздің назарыңызды аудармай қоймайды. Тіктөртбұрыш формасында түзу түс-кен бақша, бейне жеміс-жидегі төгілген әдемі дастарқан секілді! Таңқурай, содан соң қызылды-жасылды бұрыштар, жап-жасыл жапырақтардың арасынан шуақты күннен нарттай қызарған қызанақтар, басбармақтай болып бөрткен бүлдірген, бұтақтарын майыстырған алма, өрік, алмұрт... бәрі табылады. Жемісі де көкөнісі де төгілген осынау мол «дастарқанның» иесі, белгілі кәсіпкер Нұржамал Сәбетқанқызы Хайруллина бақша баптаудың сырымен бөлісті.
Қара жерден шырын сауған

– Бау-бақша баптаумен қашаннан айналысасыз? Оған не себеп болды екен?

– Жолдасым Мәулен екеуіміз де Сарқан қаласындағы мәдени-ағарту училищесін бітіріп, ауданның мәдениет саласын-да біраз жыл еңбек еттік, кейін жұмыс бабымен осында көшіп келдік. Біздің отбасылық жеке кәсіппен айналысып келе жат-қанымызға біраз жылдар болды. Қазір әлеуметтік дүкенімізде ет, азық-түліктердің барлық түрі бар. Халқымызда: «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» дейтін сөз бар. Ауылдағы үйіміздің аз ғана жеріне әке-шешеміз түрлі көкөністер мен жеміс ағаштарын егіп, бос уақыттарын соларды баптау-мен өткеретін, қастарында жүріп, бақша өнімдерін өсірудің жолдарын бойыма сіңіріп өстім. Өзің егіп, өзің баптаған жемістерді өз қолыңмен үзіп алып аузыңа салған кездегі сезімнің қандай ғажап екенін тілмен жеткізе алмаймын, өзің өсірген көкөністерден әзірленген астың да дәмі өзгеше! Сондықтан болар, Қонаев көшесінің бойындағы осы үйді сатып аларда үйдің жағдайына емес, оның 10 сотықтай жеріне қызықтым. Кейін көршіміз үйін сататын болып, оны бірге туған бауырыма алып бердім. Ол үйдің де жері бар, сонымен екі үйдің жерін қосып баптауды қолға алдым, жеміс ағаштарының арнайы тәлімбақтарда өсірілген сапалы сұрыптарын отырғыздым, міне, өзің көріп тұрғандай, мұнда қазір бәрі бар. 

– Осы жерден бір жазда қанша пайда табасыз?

– Кешір, қазақ біреудің алдын-дағы малды санамаған, санын да сұрамаған! Қазір малды қойып, біреудің кіндігінен тараған балаларының, немере, шөберелерінің санын қысылмай сұрап жатады, бұл – біздің бол-мысымызға жат нәрсе. Сұрап қалдың ғой, басқа тұсынан бағамдап көрейін, айталық, мектепте оқитын бірнеше баласы бар ата-ана жұмыссыз делік, олардың үйінің жанында біраз жері бар. Егер, жас ата-ана жерді жанындай жақсы көрсе, көкөністер мен жеміс-жидектерді өсірудің заңдылықтарын жақсы меңгеріп, бар қажыр-қайратын соған арнаса, онда сол жерге сүйеніп, жап-жақсы өмір кешетініне мен сенімдімін. Себебі, бабын таба білсең, жер жыл өткен сайын құнарлана береді, күзде, әсіресе, көктемде көбірек көңіл бөлсең, қара жер сүтті сиыр секілді исіне береді. Ал қалған уақытта ыңғайыңа келетін басқа да жұмыспен айналыссаң, адал еңбек етіп, кем-кетігіңді толтыра білсең, өмір сені алақанына салмаса, маған кел!

– Жалпы, біздің жастарымыз бақша баптап, жеміс, көкөніс өсіруге құлықсыз секілді, оның себебі неде деп ойлайсыз?

– Бізде еңбек тәрбиесі жетіс-пейді. Кез келген жетістікке еңбекпен ғана қол жеткізуге болатынын бала санасына мықтап орнықтыра білуіміз керек. Біздің жастар жан қинамай байып кеткісі келеді, қожайын болып, басқаларды істеткенді жақсы көреді. Осындай «көп асаймын» дейтіндердің нәсібі аз болады, бұл – өмір тәжірибесі! Бүгінде бақуатты тірлікке қолы жеткен біраз текеліліктерді жақсы білемін, олар ондаған жылды табанды еңбекпен өткізді, қарапайым өмір кешті, қазір соның игілігін көріп жүр. Жастар осындай табысты адамдардың астындағы жақсы көлігіне, бақуатты тіршілігіне қызыға қарайды, бірақ, олардың өткен өмір жолына үңілмейді, зерттемейді. 

Мысалы, бізде бос жатқан саяжайлар жетіп артылады. Қалалық кәсіпкерлер палатасы, қалалық кәсіпкерлік бөлімі немесе ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы осындай бос жерлерді пайдаланудың жолын табуға әбден болады, бірақ, ешкім ізденбейді, «Алма піс, аузыма түс» дейді. Олар саяжайлардың  6 сотық жерін, алымсынбайды да, ондаған гектар жер болса дейді, оны игеру үшін заманауи техника, мол қаржы қажет екенін білгенде тауы шағылып, жасып қала береді. Халқымызда «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» дейтін сөз бар. Жастарымыз өз мүмкіндіктерін бағамдай білуі, қол жетпесті аңсап, алтын уақытын құр қиялмен өткізгенше, өз қаламыздың бар әлеуетін пайда көзіне айналдырудың жолын іздестіруі керек. Қой сойып, оның етін ата дәстүрімізге сай мүшелей білетін адам түйені де сояды. Сол секілді, ондаған, жүздеген гектар жерді игеру үшін, оның бір пұшпағын меңгере білу керек.

 

 

– Біз шай екпейміз, бірақ шай ішкенде алдымызға жан салмаймыз, бұл бізді ойландыруы керек секілді?  

– «Жылтырағанның бәрі алтын емес» дейтін сөздің төркініне үңілейікші, базарда көзді арбаған шетелдік көкөністер мен жеміс-жидектер сол «жылтыраған» дүниелер болуы әбден мүмкін ғой. Түрі келісті болса болды, оның құнарын ешкім зерттеп, ой елегінен өткізіп жатқан жоқ. Жасыратын несі бар, әлемді дүрліктірген қауіпті індет бізге ауыр соқты, неге? Үлкендер: «Ауру астан, дау қарындастан» демеуші ме еді?! Сондықтан, азық-түліктердің барлығын өзіміз өсіруіміз, оның құнарына, экологиялық тазалығы-на барынша мән беруіміз керек. Осы ұстанымды жастардың санасына орнықтыру үшін де бақша шаруашылығын дамытудың маңызы зор. 

 Айталық, өзіміздің Текелінің баурайлары жеміс-жидектің сан алуан түрімен лықсып тұрған жоқ па! Жыл сайын күзде сол жемістер өскен ағашының түбіне төгіліп, рәсуа болады, ал, біз базардың «жылтыраған» жемістерін сұраған бағасына сатып аламыз, бұл, тіпті, қарапайым логикаға томпақ! «Ырысыңды аяққа бассаң, кепиеті атады». Кепиет – кие, қасиет деген сөз. Ата-бабадан қалған ырысты жеріміздің қадір-қасиетін бағалай білсек, көкөністер мен жеміс-жидектердің жақсы сұрпы мен оны баптаудың заңдылықтарын меңгеріп, табандылықпен еңбек етсек, аз ғана жер ырысына қарық қылады.

Қолым қалт ете қалса, жұмыс киімін киіп, бақшада бүкшеңдеп жүретін мені көретін кей таныстарым «мұнсыз да нәсібі жетеді ғой, пайдаға әбден құнығып кеткенсің-ау» дегендей сыңай танытады. Шынымен де, қолымызда кәсібіміз бар, Аллаға шүкір, нәсібіміз де жетеді. Мен жерді баптап, одан түрлі-түсті жеміс-жидектер мен көкөністерді өсіруден ләззат аламын, бойыма күш-қуат жинаймын. Осы алақандай бақшада, таңқурай, бүлдірген, басқа да көкөністерді қоспағанда 60 түпке тарта жеміс ағашы бар, бәрін тәлімбақтардан сатып әкеліп өзім ектім, қазір жеміс бере бастады. Жастарға нақты ісімізбен үлгі бола білу өте маңызды. Қыздарым Айсұлу мен Жансұлу мені көре жүріп, бақша баптауды үйреніп алды, олардың да өздерінің сүйікті бақтары болатынына сенемін.

                Ақан Ырымжанұлы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.