Қиындықты ел болып жеңеміз

«Біз біргеміз» жалпыұлттық акциясы аясында №1 орта мектебінің бастамасымен қаламыздағы барлық орта мектептердің, кәсіптік колледж бен қалалық балалар мен жасөспірімдердің туристік және өлкетану орталығының, сондай-ақ, балабақшалардың ұжымы қаржы жинап, қалалық ауруханаға оттегі концентраторы мен пульсоксиметр тарту етті.
Қиындықты ел болып жеңеміз

Баршаға белгілі, әлемді жайлаған қауіпті індет елімізде де кесірлі болып тұр, вирус жұқтырғандар қазір 76 мыңнан асып, иммунитеті төмен, созылмалы аурулармен ауыратын, сондай-ақ жасы үлкен адамдардың амандығын сақтау көкейкесті міндетке айналды. Қазір жер-жердегі ауруханалардың індеттің ауыр белгілерімен түскен науқастарды емдеу мүмкіндігін жақсартуға, дәріханаларды қажетті дәрілермен қамтамасыз етуге күш салынуда. Мемлекеттің осы бағыттағы барлық қажетті шараларына ел халқы да қолдау көрсетіп, елім дейтін азаматтар қол ұшын созып, ортақ мүддеге белсенді атсалысуда. Әсіресе, індет кесірінен өкпесі зақымданған науқастар өкпенің қызметі төмендеген кезде жасанды жолмен тыныс алуға зәру болатындықтан, ауру азабын жеңілдетіп, адам өмірін сақтап қалуда өкпеге оттегі жеткізетін аппараттар аса маңызды рөл атқаруда. Сондықтан, ауруханалар мен арнайы дайындалған стационарларды озық ғылыми өл-шеммен жасалған өкпеге оттегі жеткізу аппараттарымен қамтуға маңыз беріліп отыр.

№1 орта мектебінің директоры Гүлнәр Сейдахметқызының айтуынша, көпшілік жиналған ақшаға осы аппаратты сатып алуды шешкен. Аппараттың бағасы 765 мың теңге, қанның оттегімен қанығу деңгейін көрсететін пульсоксиметрдің бағасы 80 мың теңге көлемінде. Ол бұл бағыттағы ізгі істердің алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.

Сонымен бірге, белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбайқызының бастамасымен құрылған «Айдың нұры» қоғамдық қорының қолдауымен Түркия елінен сатып алынған өкпеге оттегі жеткізетін аппараттың бірі біздің ауруханаға жеткізілді.

Осындай қиын-қыстау кезде ауруханаға аса қажетті заманауи аппараттарды тарту еткен ізгі жүректі жандарға алдыңғы шепте қауіпті індетпен күресіп жатқан дәрігерлер ризашылықтарын жеткізіп, рақмет айтты.

                           АҚАН ЫРЫМЖАНҰЛЫ 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.