Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарламасы аясында текелілік «Жасыл ел» жасақшылары мен еріктілер жалынды еңбек етуде.
Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын

Аталмыш бағдарлама «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлттық танымды өскелең ұрпаққа ұғынды-рып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырып отыр. 15 жылдан бері жалпыұлттық бастамаға қолдау білдіруші оқушы, студенттер мен жалпы еңбекқор жастардың қатары артып келеді. «Бір тал кессең, он тал ек» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Сондықтан, бағдарламаның басты мақсаты табиғатты қорғап, экологияны сақтау ғана емес, жастарды ұлттық тәрбиеге жетелеп, адал еңбекке баулу. Қалада 16 жасыл елдік жасақшы мен 32 ерікті күнде көшелерді, арық бойларын тазалап қана қоймай, ойын алаңдары мен тұрғын үй аулаларын тазалап, қураған бұталарды кесіп, Қора көшесіндегі бастау маңын тазалау сынды игілікті істерге белсене атсалысуда. Туған жердің таза да әсем болуы үшін еңбектеніп жүрген жасампаз жастар әр адам өз елінің патриоты болуы керек дейді. Осы орайда білек сыбана еңбек етіп, өз туған жерінің мәртебесін көтеру – әр қазақтың, еліміздің келешегі әр жастың парызы.

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.