Кім бүлдірді?

Төле би көшесінің бойындағы жақында ғана жөндеуден өткізілген спорттық алаңдағы ойын құрылғылары «сынып қалды»!
Кім бүлдірді?

«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаламыз бойынша 6 спорттық алаң жөндеуден өткізілуде. Оның 3-еуінің тағаны бетондалып, арнайы жұмсақ жабынмен қапталды, сондай-ақ, бүлінген сыртқы қоршаулары тұтастай қайта жөнделіп, боялды. Шағын футбол қақпалары, сонымен бірге, баскетбол тақталары орнатылды. Төле би көшесіндегі спорт алаңы дәл осындай өлшеммен жаңғыртылып, балалардың сүйікті орнына айналған еді. Алаңның тағаны жұмсақ жабынмен қапталғандықтан, доп қуып жүгірген балалар құлап қалып тізесін не шынтағын сүріп аламын деп еш алаңдамайды, еркін ойнап, доптың қызығына батады. Алайда, балалардың қуанышын еселеп, үлкендердің ризашылығына бөленген игі істі бағаламайтындар да бар екен арамызда! Қараңыз, жерден 3 метр биіктікте тұрған баскетбол тақтасын сындырып, жұлып тастау балалардың қолынан келмес, сірә?

Шаңның арасында доп қуған бала мен заманауи талаптарға сай спорттық алаңда жаттыққан баланың санасы да, спорттық жетістігі де жер мен көктей!

Бүгінде елімізде бұқаралық спортты дамытуға, ұлттың денсаулығын спортпен, салауатты өмір салтымен күшейтуге басымдық беріліп, спорттық нысандар заманауи үлгіде жаңадан салынуда, жаңғыртылуда. Мұның бәрі – баянды болашағымыз үшін жасалып жатқан игілікті істер. Мемлекеттің қолдауымен, халықтың қаржысымен іске асырылып жатқан осынау жақсылықты жаны сүймейтіндерді кім жақсы көреді екен?!

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.