10 мың дана медициналық маска тегін таратылуда

«Біз біргеміз» жалпыұлттық акциясына белсене атсалысып келе жатқан жеке кәсіпкердің қолдауы ең алдымен алдыңғы шепте қауіпті індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге, сондай-ақ, қаламыздағы көпбалалы, аз қамтылған отбасы мүшелеріне үлестірілуде.
Кез келген кәсіпкер халықтың қолдауымен өсіп-өркендейді, яғни, халық өнімдерді сатып ала отырып, кәсіпкерлердің дамуына жағдай жасайды, тауар мен қаржы айналымға түсіп, игілік еселенеді. Ел аман, жұрт тынышта мемлекет пен халқымызға арқа сүйеп кәсібін өркендеткен кәсіпкерлер еліміз қиын жағдаймен бетпе-бет келген қазіргідей күрделі кезеңде азаматтық жауапкершілікті естен шығармай, өз мүмкіндігінше ортақ мүддеге үлес қосуда. Қауіпті індеттің алдын алуда медициналық масканың маңызды рөлін ескере отырып, санитарлық талаптарға сай әзірленген 10 мың дана маска сатып алып берген жеке кәсіпкер Қ.Насырға ризашылығын жеткізген қала әкімі Б.Өнербаев қауіпті індеттің жолын кесуде ұлт болып ұйысудың, күш біріктірудің уақыт күттірмейтін қажеттілік екенін еске салды.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ