Жетісу өңірінде көшкін қаупі бар 61 аймақ анықталды

«Гидрометеорологиялық өзгерістер Жетісу облысының таулы және тау бөктері аймақтарындағы гидрологиялық жағдайға айтарлықтай әсер етуде. Өңірімізде қаупі жоғары 61 қар көшкіні ошағы бар. Оның ішінде Текелі қаласында – 35, Ескелді ауданында – 10, Панфилов ауданында – 9, Көксу ауданында – 4 және Сарқан ауданында 3 аймақ анықталған», - деп атап өтті Айдос Сабырбаев.
Облыста барлығы 23 гидробекет бар. Мамандар күніне 3 рет бақылау жүргізіп, ондағы ахуалды тиісті мекемелерге баяндап отырады.
«Қар көшкіні кезінде уақытылы ескертуді қамтамасыз ету үшін осы уақытқа дейін 198 хабарлама мен ұсыным берілді. Сондай-ақ 1615 дана «Қар көшкінінен сақ болыңыздар!» ақпараттық жадынамасы таратылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 5 мақала жарияланды», - дейді Айдос Сабырбаев.
Қазіргі таңда қар көшкіні жүретін аймақтарда барлығы 15 ақпараттық-дабылды тақта орнатылды. 2022 жылдың қараша айынан бастап қауіпті деп саналған аймақтарда 13 жерүсті және 3 әуе визуалды барлау жұмыстары жүргізілген.
«2022 жылдың желтоқсан айында көшкін қаупі бар учаскелерде жауапты мемлекеттік органдар мен азаматтық қорғау қызметі бірлесіп 4 практикалық оқу-жаттығу өткізілді. Қар көшкіні болуы мүмкін екендігі туралы «Қазгидромет» ұсынатын деректерге сәйкес, облыс халқына және барлық мемлекеттік органдарға телефонхаттар, «Дәрмен» қосымшасы бойынша дауылды алдын ала ескертулер мен СМС-хабарламалар уақытылы жолданып отырады», - дейді төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Ринат Тазабеков.
Дегенмен өңірде қар көшкіні қаупі бар. Себебі, 2023 жылдың 16 желтоқсанындағы мәлімет бойынша Сарқан ауданында жауған қардың биіктігі 30-дан 70 см-ге дейін, Көксу ауданында 20-дан 100 см-ге дейін, Текелі қаласында 20-120 см-ге дейін жеткен. Өткен жылмен салыстырғанда қар 10-15 см ге қалыңдаған. Мамандардың айтуынша, кейбір таулы аймақтарда өздігінен қар көшкіні жүруі де ықтимал.
«Апта сайын қар көшкіні жүретін аймақтарда тексеру жұмыстары жүргізіледі. Мамандар Текелі және Қора өзені аңғарындағы жағдайды да ұдайы бақылауда. Өзен арнасын қар көшкіні жауып қалмауы басты назарда» - дейді спикерлер.
Жалпы Жетісу өңіріндегі барлық өзендер мамандардың күнделікті бақылауында. Мұз қату деңгейі, өзенге ұласқан тау бөктеріндегі қар қалыңдығы сәт сайын өлшенуде. Алынған ақпарат өңірлік Төтенше жағдайлар департаментіне ұсынылады. Жағдай нашарласа, тиісті шаралар қабылданады. Қазіргі уақытта өзен-көлдерде ахуал тұрақты, қауіп жоқ.
Мамандар облыс тұрғындарына келесі мәселені ескертеді: «112 қызметінен келіп түскен смс-хабарламаларды елеусіз қалдырмаңыз және ауа-райының қолайсыздығы кезінде қауіпті жерлерге бармауға тырысыңыздар! Егер жолға шықсаңыз, қайда баратыныңызды жақындарыңызға ескерту қажет».