Руханиятқа демеу

Шараны Жетісу облыстық білім басқармасы, «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалы және «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық байқауының жеңімпазы Андас әулеті ұйымдастырды. Жиынның тізгінін ұстаған облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Жұматай Әміреев: «Ғасырдан ұзақ тарихы бар облыстық «Жетісу» газетінің қазақ руханияты үшін сіңірген еңбегі ерен. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде орны бөлек кешегі Ілияс, Мұхтар, Сәбиттер бастаған ұлы көштің бәрі де «Жетісу» газеті арқылы танылып, есімі тарихта қалды. Одан кейінгі сан буынды тәрбиелеуде де басылымның орны ерекше, беделі биік. Міне, бүгінде сол дәстүрді Андас әулеті жалғастырып, облыстың аудан-қаласынан 8-10 сынып аралығында оқитын 30 оқушыны «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қарашаңырақ газетке жаздырып, демеушілік танытып отыр. Әрине, білімге, ғылымға, руханиятқа жасалған демеушіліктің бағасы үстем болатыны анық, – деп қолға алынған бастаманың мән-маңызын түсіндірді.
Жетісу облыстық білім басқармасының бас маманы Р.Арсыланов «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында облыс деңгейінде атқарылған іс-шаралар жайында баяндаса, «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалының жетекшісі А.Таңжарбек оқушы-
ларға пошта арқылы газетке жазылған түбіртегін табыс етті.
Андас әулетінің отанасы, «Парасат» ордені мен «Алтын алқа» иегері Әуесхан Мажайқызы балаларға сәттілік тілеп, батасын берді. Осы әулеттің ұлы, журналист Қажет Андас өз әулетінің құндылығы туралы таратып, тарихшы, айтыс және жазба ақын Андас Омарақынның «Тарих талғарында», «Дода», «Жылдар ізі» атты үш томдық еңбегін таныстырып, оқушыларға сыйға тартты. Енді Жетісу облыстық білім басқармасы мен Андас әулеті бірлесе отырып, алдағы жарты жылда «Оқуға құштар мектеп» жобасы негізінде «Андас Омарақын оқуларын» өткізеді.
Қ.Андастың айтуынша, оқу жылының соңына дейін 30 оқушы қолдарына тиген кітапты оқып, берілген тапсырмаларды орындап отырады. «Андас Омарақын оқулары» «Тарих талғарында» жас өлкетанушылардың ғылыми жұмыстары байқауы, «Дода» атты жас айтыс ақындарының айтысы және «Жылдар ізі» атты жас жазба ақындар мүшәйрасы сияқты үш бағытта жүргізіледі. Әр номинацияға дайындалған оқушылар еңбегінде Андас Омарақын шығармашылығын үлгі етуі керек. Қазылар алқасының шешімімен I, II, III орын алған үміткерге облыстық білім басқармасының Алғыс хаты мен Андас отбасы атынан қомақты ақшалай жүлде тағайындалады. Үш номинация бойынша І орын алған оқушылар оқитын мектепке Жетісу облыстық білім басқармасының «Оқуға құштар мектеп» атты көшпелі туы тапсырылады.
Аталған жобада Текелі қаласынан №1 орта мектебінің оқушысы Орал Қосынғали, №4 орта мектебінің оқушысы Қырмызы Бейсенбай, №5 орта мектебінің оқушысы Сұлушаш Нурсавулити бақ сынамақ.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА