Тіл тағдыры – ел тағдыры

Сөзімді ең алдымен тіл жанашыры, ақын Мұхтар Шахановтың мына бір сөзімен бастағанды жөн санаймын: «Ұлтты да, тілді де Құдай жаратқан. Ендеше, оған қарсы бағыт ұстау тікелей Құдайға қарсы шығумен пара-пар іс болары даусыз. Сол үшін туған ұлтының тілінде сөйлеуге намыстанатын ұлтсыздануға, мәңгүрттенуге бет бұрған қандастарымызға, олардың тағдырын қауіпті өзгеріске бұратын, осы ерекше маңызды мәселені ескертуді өзіме азаматтық борыш санаймын». Туған тілінің тағдырына селқос қарайтын, ана тілінде сөйлеуден гөрі өзге тілде шүлдірлегенді мақтаныш санайтын-дарға бұдан қаттырақ бірдеңе айту да мүмкін емес шығар.
Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары мемлекеттік тілдің беделін арттырып, жаңа деңгейге көтеру алда тұрған басты міндеттердің бірі болды. Мемлекеттік тілге ресми қолдау көрсетумен қатар, оған бүкіл қоғам тарапынан қамқорлық жасау мәселесі де күн тәртібінде тұрды. Сонымен қатар, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін дамытуға жағдай туғызу жөнінде міндеттер белгіленді. Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздері, мемлекеттік тіл – қазақ тілін және басқа ұлт тілдерін оқып үйренумен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттер айқындалды. Мемлекет жүргізіп отырған тіл саясатының негізгі мақсаты – жинақталған оң тәжірибені пайдалана отырып, мемлекеттік тілдің мерейін өсіру. Мемлекеттік тілге қажеттілік болған жағдайда оның өріс алуы, өркендеуі де соншалықты нәтижелі болады.
Тілдің дамуы, мәртебесінің биік болуы сол ұлттың өз ана тілінің қадірін біліп, ана тілінде сөйлеуіне байланысты. Тіпті, үлкен ауқымды шараларды қолданбай-ақ, әркім отбасында балашағасымен қазақша сөйлессе, өзінің ғана емес, өсіп келе жатқан ұрпақтың да тілін түзейді, ойына сәуле түсіреді. Сонымен қатар, газет-журнал, кітапты қазақша оқу, киноның қазақшасын көру, қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілде қызмет көрсетілуін талап ету немесе таңдау секілді істердің барлығы ұсақ-түйек емес, тіл аясын кеңейтуге жасалған қадам.
Меруерт ЕСЕЛБАЕВА, Текелі қалалық сотының жетекші маманы