Тап-таза нәркес көңілдер

30 қарашада №8 орта мектебінде мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күніне орай балаларға арналған қалалық «Ашық жүрек» фестивалі өтті. Бесінші рет ұйымдастырылып отырған фестивальде өнердің шексіз әлеміне құштар ұл-қыздар сахнаға шығып, ән мен биден шашу шашты.
Тап-таза нәркес көңілдер

Жұдырықтай жүрегінде кірбің де жоқ тап-таза нәркес көңілді әр баланың арман-қиялында шек жоқ, ал өнерге жақын баланың таным көкжиегі тіптен шексіз. Аталған фестивальге Текелінің орта мектептерінде оқитын және үйден білім алатын балалар қатысты. Оларға қалалық білім бөлімінің бас маманы Ардақ Дүкенова, әдіскер Бақытгүл Сәрсенбаева, №8 орта мектебінің директоры Э.Иманбердиева жылы лебізін білдіріп, өнер жолындағы қадамдарына сәттілік тіледі. Бұдан кейін тас-түйін дайындалып келген балалар ортаға шығып өнер көрсетті. Ән айтып, би билеп, өлең оқыған ұл-қыздардың жүздерінен шынайы бақыттың табы байқалды. Нұғыман Серікжанұлы, Құрметбек Жархан, Ершат Наиболатұлы, Илья Некрасов, Тимур Шитц, Сергей Винокуров, Нұрәли Мұхаметқазы, Ринат Ермаков, Сабина Айтбаева, Юлия Скринник, Даниял Джылкибаев, Артем Волков, Жанерке Октябрьқызы және Арыстанбек Наурызбайға залда отырған жанашыр көрермендер, ата-аналары мен ұстаздары қошаметпен қол соқты. Фестивальде, сондай-ақ, он саусағынан бал тамған балалардың қолөнер бұйымдарының көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды шексіз, шетсіз әлемге жетелеп, бал бақыттың дәмін сездірген «Ашық жүрек» фестивалінің соңында барлық қатысушыға диплом және «Асау», «Дочки-сыночки», «Балалар әлемі» дүкендері, «Текелі-Кондитер» ЖШС, М.Мұсабаевтың «Мерей» жеке кәсіпкерлігінің демеушілігімен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.