93 жастағы Таскира әжей ел амандығын тіледі

Бүгінгі жалпыхалықтық референдумда Текелі қаласы бойынша үйде дауыс беретін 134 жанның біреуі – 93 жастағы Таскира Галяутдинқызы Гарипова әжей Қазақстанның бақуатты болашағы, ұрпақтың ашық аспаны мен бақытты өмірі үшін дауыс бергенін айтады.
1929 жылдың 8 наурызында Татарстанда дүниеге келген Таскира Гарипова тіршіліктің талай соқтықпалы, соқпақты жолынан өткен, жастық дәуренін тауқыметті соғыстың құрбаны еткен, сөйте тұра жігері жасымай еңбек етіп, кейін зейнетін көрген кейуана. «Ұлы Отан соғысы жылдарында кірпіш зауытында жұмыс істедім. Біз құйған кірпіштерді Мәскеуге, Ленинградқа жіберіп тұрды. Күн демей, түн демей еңбек еттік. Текеліге 1954 жылы көшіп келдік. Мұнда шахтерларға тамақ әзірлейтін асханада жұмыс істедім. Отағасы 31 жыл шахтада жұмыс істеген, о дүниелік болды. Алла берген ұл-қыздардан немере-шөбере сүйдік. Қазіргі заманда бәрі бар ғой. Адам баласы бар-мен жоқтың қадірін білу керек. Ел аман, жұрт тыныш болсын, жаратқан таза жүріп-тұруды, тыныш ұйықтап, тату-тәтті болуды нәсіп етсін!» – деп тілеген әжей тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік референдум комиссиясы мүшелерінің үйіне келіп, ілтипат білдіргеніне және өзінің де ел азаматтарымен бірге дауыс беруге қатысқанына риза.