Оң өзгерістер күтіп тұр

Осыдан бір ай бұрын Текеліге келіп, бірқатар кәсіпорын, мекемелердің жұмысымен танысып, жергілікті билікке қаланың тыныс-тіршілігіндегі олқылықтарды түзетуге тапсырма берген Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев 13 сәуірде қалаға қайыра ат басын бұрып, қалалық Мәдениет үйіне жиналған халықпен жүздесті.
Оң өзгерістер күтіп тұр

Алдымен облыстың даму ырғағындағы Текелі қаласының әр саладағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталған облыс басшысы қала тұрғындарының талап-тілектеріне орай «Горняцкий» шағынауданында дәріхана пункті ашылғанын, жол жөндеу, жарықтандыру бағытындағы жобалардың тиісті құжаттары әзірленіп жатқанын атап өтіп, «Sunlight Investments» компаниясының инвестиция тартуымен Текелі аумағында жинақталған өндіріс қалдықтары жойылатынын, бұл жөнінде меморандумға қол қойғанын хабарлады. Қала экологиясын ақсатып отырған өзекті бір проблеманың кешенді түрде шешілетінін жұртшылық жылы қабылдады. Биыл 15,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, жобалық қуаты 120 мың тонна болатын темірді қалпына келтірумен айналысатын «Электромарганец» ЖШС зауыты іске қосылса, мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашудан облыста көш соңында қалған Текеліде бұл бағыттағы жұмысты ширата түсуге тапсырма берілді. Қаладағы ірі кәсіпорын «Суффле Қазақстан» ашытқы зауыты» АҚ шикізатты өз өңірімізден ғана емес, республиканың басқа аймақтарынан, қала берді Ресейден алады. Осыған байланысты облыста арпа өсірудің көлемін ұлғайту қажет. Зауытты таза сумен қамту да ақсап тұр. Текеліні туризмді дамытуға мүмкіндігі мол қала дегенмен, нақты жетістіктер жоқтың қасы. Қ.Бозымбаев туристік инфрақұрылымды дамытудың жоспарын жасауды тапсырды. Сондай-ақ, ол шағын және орта бизнестің де облыстағы үлесі көңіл көншітпейтінін айтып өтті. Газбен қамтамасыз ету, жол жөндеу, «Нұрлы жер» бағдарламасы бо-йынша баспанамен қамту саласындағы жұмыстар назарға алынды. Облыс әкімі ағымдағы жылы қалалық Мәдениет үйіне сомасы 653 млн теңгеге іргелес саябақты абаттандырумен қоса күрделі жөндеу жүргізу жоспарда тұрғанын жеткізді.

Текеліліктер облыс басшысына түрлі мәселелер бойынша сұрақтарын жаудырды. Тұрғындар сын көтермейтін жолдың, таза ауыз судың сапасы, қала ішіндегі қоқысты жинау және оны уақытша сақтау орнындағы кемшіліктер, аяғына жеткізілмеген газ тарту мәселесі, жеке үй салуға берілген жерлерде су, жол, электр желісінің жоқтығы, қала ішінде жолаушыларды тасымалдау қызметінің нашарлығы сияқты мәселелерді көтерді. Жаз мезгілінде су алып отырған Қора өзенінің суы лайланып, су сорғысы Шажа өзеніне ауыстырылатын. Бірақ, оның күші қаланы таза сумен қамтамасыз етуге толық жетпейтіндіктен, қосымша тағы екі сорғы орнатылатын болды. Алдыңғы жылдары жауапсыз фирмаға ақша төлеп, үйлеріне газ тарта алмай қалған отбасылардың сотқа жүгінуі үшін облыс әкімі орынбасарының қадағалауымен құқықтық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, баспана сұрау, мемлекеттен алған пәтерлерін жекешелендіру, жеке бизнесті бастау, зейнет жасына таяған жандарды жұмыспен қамту, қалалық ауруханаға дәрігер мамандар тарту, КТ құрылғысын сатып алу, қалада атқарылатын құрылыс, жөндеу жұмыстары үшін өткізілетін тендерде жергілікті фирмаларға басымдық беру, қалалық стадионды, педагогикалық-психологиялық түзету кабинетін жөндеу, кесілген ағаштардың орнына ағаш отырғызып, қаланы жасыл желектендіру мәселелері бойынша сұрақтар қойылды, ұсыныстар айтылды. Барлық сауалдар мен өтініш-тілектердің негізінде іс-шаралар жоспары жасалып, ақпарат құралдарында жарияланады.

Кездесу соңында облыс әкімі Қ.Бозымбаев тілек білдірген азаматтарды жеке-жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.