Қаржыны қажырлы еңбек игерсін

Еске сала кетсек, аталған мемлекеттік бағдарлама аясында қаламыздағы шағынаудандардың ішкі жолдарын күрделі жөндеуден өткізу бойынша 2 үлкен жоба іске асырылуда. «Достық» шағынауданында 4 көшені толықтай асфальттаған талдықорғандық «Нұр-Шапағат-Құрылыс» ЖШС жол құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, объектілерді өткізіп беруге дайындалуда. Аталған шағынауданда болып, жаңадан жасалған көшелерді аралап көрген С.Мұқанов мердігер компанияның жұмысына оң бағасын берді.
«Алатау» шағынауданындағы 4 көшені күрделі жөндеу жұмыстарын міндетіне алған «Монолит» ЖШС қазір Жеңіс көшесін толық асфальттап, қалған 3 көшеде жол тағанын беріктеу, шағыл тас төсеу секілді асфальт құюға дейінгі жұмыстарды жүргізуде.
Биылғы күздің жауынсыз жайлы күндері де өтіп барады. Бұлтты, жауын-шашынды ауа райы қыстың қыр астына келіп қалғанын аңғартып жатқандай. Осыны тілге тиек еткен С.Мұқанов «Монолит» басшысы Советхан Шалимбетовке бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, Тәуелсіздік, Уәлиханов және Бытовик автотұрақ қоғамына дейінгі жол бөлігін қарға қалдырмай бітіруді, сондай-ақ, жол сапасының келісімшартта көрсетілген барлық техникалық талаптарға сай болуын қадағалап тапсырды. Аталған мердігер компания басшысы бар мүмкіндіктерді жұмылдырып, жол құрылыс жұмыстарын межелі мерзімде, сапалы аяқ-тайтындықтарына сендірді.
Осыдан соң №6 орта мектебінде болып, оқу ғимаратын сейсмикалық беріктей отырып, күрделі жөндеуден өткізіп жатқан «Тау толағай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де бірқатар талаптар қойған С.Мұқанов «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл облысымыз бойынша 1051 нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізуге 105 млрд теңге қаржы қарастырылғанын, бұл өңіріміздегі әлеуметтік, экономикалық маңызы бар нысандарды жаңғырту, сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту бағытындағы аса маңызды стратегиялық қадам екенін ерекше атап өтті. Ол, сондай-ақ, бөлінген мемлекет қаржысын жыл соңына дейін толықтай игеру үшін жөндеу жұмыстарын міндетіне алған мердігер компаниялар қалған уақытты ұтымды пайдаланып, жұмыстарды мерзімінде және сапалы аяқтауға күш салулары керектігін, бұл, сондай-ақ, құрылыста істеп жатқан азаматтардың еңбекақысын белгіленген мөлшерінде, уақытында алуының да кепілі екенін еске салды.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ